«Қайрат» «Андерлехттен» тағы да ірі есеппен жеңіліп, Конференциялар лигасына түсті
Алматылық «Қайрат» Еуропа лигасының жалпы кезеңіне шыға алмады. Қазақстандық клуб іріктеудің плей-офф кезеңінде Бельгияның «Андерлехтіне» екі матчта да ірі есеппен есе жіберді.
Брюссельдегі «Лотто Парк» стадионында өткен қарымта кездесуде алаң иелері 3:0 есебімен жеңіске жетті.
«Қайрат» бірінші таймның соңына дейін қақпасын голдан аман сақтағанымен, қосымша уақытта пенальтиден есеп ашылды. 45+2-минутта Михайло Цветкович 11 метрлік айып добын дәл орындады.
Екінші таймда «Андерлехт» тағы екі рет мергендік танытты. 54-минутта Даниил Сикан есепті еселесе, 71-минутта Жулиан Бьянкон үшінші голды соқты.
Алматыдағы алғашқы кездесу де бельгиялықтардың 3:0 есебіндегі жеңісімен аяқталған еді. Осылайша «Андерлехт» екі матчтың қорытындысында «Қайратты» 6:0 есебімен жеңіп, Еуропа лигасының жалпы кезеңіне жолдама алды.
Ал «Қайрат» үшін еурокубок маусымы мұнымен аяқталмайды. Қазақстан чемпионы енді Конференциялар лигасының жалпы кезеңінде өнер көрсетеді. Алматылықтар онда алты матч өткізеді: үшеуі өз алаңында, үшеуі сырт алаңда.