Оның орнын кім басатыны әзірге белгісіз
Футболдан Қазақстан Премьер-лигасы басталуына бір күн қалғанда Павлодардың «Ақсу» клубы турнирге қатысудан бас тартты. Облыстық дене шынықтыру басқармасының мәліметінше, проблеманың бәрі ақшаға келіп тірелген.
Айта кетейік, соңғы ел чемпионатында «Ақсу» турнир кестесінің ең соңғы орнына тұрақтап, жарыс ережесіне сай төменгі дивизионға көшкен. Алайда, 2024 жылдың ақпан айында төрт командаға ҚПЛ-ге шақырту жіберілді, олардың қатарында «Ақсу» да бар еді.
«Ақсу» ФК-ның ойыншыларға 2023 жылдан бері төлемеген қарызы бар және өзге де қаржылық проблемаларға байланысты 2024 жылы Премьер-лигаға қатысудан бас тартты. Қазіргі таңда Павлодар облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасы мен «Ақсу» ФК арасында келісімшарт түзіліп, ол бойынша клуб биыл Бірінші лигада өнер көрсетеді және 600 миллион теңге бюджет алады», - делінген аталған хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін «Мақтаарал» футбол клубы қаржылық қиындықтарға байланысты Премьер-лигада өнер көрсетуден бас тартқан болатын. «Ақсу» осы босаған орынға келеді деп айтылған. Енді «Ақсудың» орнын кім басары әзірге белгісіз.