Енді «Қайрат» Венгрияның МТК клубымен кездеседі
Алматының «Қайрат» клубының жасөспірімдер командасы УЕФА Жасөспірімдер лигасының алғашқы кезеңінен сенімді өтті. Ел чемпиондары жолындағы екінші матчта алматылықтар Черногорияның «Младост Донья-Горица» командасын 8:1 есебімен жеңді. Екі кездесудің қорытындысы бойынша қазақстандық клуб 13:1 есебімен басым түсті.
Қарымта матчта «Қайрат» ойын тағдырын бірінші таймда-ақ шешіп қойды. Төре Исмағұлов бесінші минутта есеп ашса, Даулет Орынбасар 28-минутта пенальтиді сәтті орындады. Ал Артур Трубин 37 және 42-минуттарда екі гол соғып, дубль авторы атанды.
Үзілістен кейін де алматылықтар шабуылын жалғастырды. 76-минутта Данияр Ташпулатов көзге түссе, араға үш минут салып Абылай Төлеухан есепті ұлғайтты. 88-минутта Нұржан Еркін пенальтиден гол соқты. Ал қосымша уақытта Абылай Жылқайдар матчтың соңғы голын енгізді.
Қонақтар сапынан Петар Пантич 70-минутта бір гол соғып, командасының жалғыз нәтижелі соққысына автор болды.
Айта кетейік, алғашқы кездесу Черногория астанасы Подгорицада өтіп, «Қайрат» 5:0 есебімен жеңіске жеткен еді. Осылайша, екі матчтың жалпы нәтижесі бойынша алматылықтар қарсыласын 13:1 есебімен ойсырата ұтты.
УЕФА Жасөспірімдер лигасының келесі кезеңінде «Қайрат» Венгрияның МТК клубымен кездеседі.