«Қайраттың» жас футболшылары Еуропадағы үздік клубтармен бәсекеге түсіп жүр
Алматылық «Қайрат» Конференциялар лигасының жалпы кезеңіне қатысатын 36 клуб арасында жас жергілікті футболшыларға ойын уақытын беруден үздік төрттікке енді. Латвиялық Sportacentrs.com басылымының зерттеуіне сәйкес, қазақстандық клуб бұл көрсеткіш бойынша төртінші орынға жайғасқан.
Басылым еурокубоктердің іріктеу кезеңінде командалардың U21 санатындағы жергілікті футболшыларды қаншалықты жиі алаңға шығарғанын салыстырған. Ойыншылардың негізгі құрамда шығуы мен матч барысында қосалқы құрамнан қосылуы да есепке алынған.
Зерттеу нәтижесінде «Қайрат» орта есеппен 2,14 көрсеткішке ие болып, төртінші орынға тұрақтады. Алғашқы үш орынды Хорватияның «Хайдук» клубы (2,95), Данияның «Норшелланн» командасы (2,61) және Грузияның «Иберия 1999» клубы (2,43) иеленді.
«Қайраттың» жас футболшыларды даярлау жүйесіне де оң баға берілді. Шолудың авторы Агрис Сувейзда алматылық клубтың академиясын Қазақстандағы үздік академия деп атаған.
Айта кетейік, турнирге қатысатын командалар арасындағы орташа көрсеткіш 0,79-ды құраған. Ал «Қайраттың» Конференциялар лигасындағы алғашқы қарсыласы латвиялық «Рига» іріктеу кезеңінде U21 санатындағы жергілікті футболшыларға бір минут та ойын уақытын бермеген.
Бүгін, 15 қазанда «Рига» мен «Қайрат» Конференциялар лигасының жалпы кезеңінде кездеседі. Матч Қазақстан уақытымен 21:45-те басталады.