Стивен Джеррард АПЛ-де 504 матч өткізіп, 120 гол соғып, 92 нәтижелі пас берген
«Ливерпульдің» бұрынғы капитаны Стивен Джеррард «Бернли» клубының бас бапкері қызметіне үміткерлердің бірі ретінде қарастырылып жатыр.
Клуб Чемпионшиптегі сәтсіз нәтижелерден кейін бельгиялық маман Ники Хайенмен келісімшартты тоқтатты. «Линкольн Ситиге» 1:4 есебімен ойсырай жеңілу басшылықтың шешім қабылдауына себеп болған. Хайен жетекшілік еткен тұста «Бернли» Чемпионшиптегі 12 матчтың біреуінде ғана жеңіске жетіп, турнир кестесінде төменгі орындарға түсіп қалған.
Қазір 46 жастағы Стивен Джеррард бос тұрған қызметке басты үміткерлердің бірі саналады. Ол 2025 жылғы қаңтарда Сауд Арабиясының «Әл-Иттифақ» клубынан кеткеннен бері жаттықтырушылық қызмет атқарған жоқ. Бұған дейін «Астон Вилла» мен «Рейнджерсті» жаттықтырған. Шотландиялық клубпен бірге 2021 жылы ел чемпионы атанды.
Егер Джеррард «Бернлидің» тізгінін ұстаса, бұл Дастан Сәтпаевтың командадағы жағдайына да әсер етуі мүмкін. Қазақстандық шабуылшы «Челсиден» жалға алынып, 2026/2027 жылғы маусымды «Бернли» сапында өткізіп жатыр. Жаңа бапкер футболшының негізгі құрамдағы орны мен ойын уақытын анықтайды.
«Бернли» Чемпионшиптегі келесі кездесуін 31 қазанда өз алаңында «Портсмутқа» қарсы өткізеді. Клубтың осы ойынға дейін жаңа бас бапкер тағайындайтыны әзірге белгісіз.
Стивен Джеррард ойыншы ретінде «Ливерпуль» сапында АПЛ аясында 504 матч өткізіп, 120 гол соғып, 92 нәтижелі пас берген. 2021 жылы ол Англия Премьер-лигасының Даңқ залына енгізілді.