Ұлттар лигасы: Қазақстан құрамасы Молдовадан масқара болып жеңілді

Молдова құрамасы қатарынан 17 матчта жеңіске жете алмаған

Қазақстан футбол федерациясы
Қазақстан футбол федерациясы

Футболдан Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасы топтық кезеңінің бесінші турында Молдовамен кездесіп, 1:2 есебімен жеңіліп қалды.

Матч Молдова астанасы Кишиневте өтті. Қазақстан топтан екінші орынмен плей-офф кезеңіне шығуы үшін бұл ойында міндетті түрде жеңуі керек болған. Алайда, Джон ван’т Шкип шәкірттері жанкүйерлері алдында тағы да жерге қарады.

Матчтағы есепті алаң иелері 39-минутта ашқан. Попескудің алыстан шірене тартқан добын Покотилов тек көзбен шығарып салды. Ал, 51-минутта Ислам Чесноков таразы басын теңестіргенімен, тағы сол Попеску 77-минутта дубль авторы атанып, командасына жеңіс алып келді.

Осылайша бес ойында небәрі екі ұпай жинаған Қазақстан құрамасы C тобындағы соңғы орынға тұрақтады. Молдова болса 7 ұпай жинап, екінші орынға көтерілді.

Джон ван’т Шкип шәкірттері топтық кезеңнің соңғы ойынын өз алаңында Словакияға қарсы өткізеді. Бұл матч 16 қарашаға жоспарланған.

Айта кетейік, Молдова құрамасы қатарынан 17 матчта жеңіске жете алмаған. Тек соңғы екі ойында ғана бұл сәтсіздікті бұзып, жеңістің дәмін татты. Оның екеуінде де Қазақстанды тізе бүктірді. ФИФА рейтингінде молдовандар 158-орында тұрса, Қазақстан 117-сатыда.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам