![Тоқаев футболдан Қазақстан құрамасының Грекияға қарсы ойынын тамашалайды](https://1bol.kz/cache/imagine/1200/uploads/news/2024/03/21/65fc71159cc4b351067222.jpg)
Матч сағат 00:45-те басталады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүздеген мың қазақстандықтар секілді бүгін түнде Қазақстан құрамасының Грекияға қарсы футбол матчын тамашалайды. Бұл туралы ҚР Президентінің кеңесшісі – баспасөз хатшысы Берік Уәли мәлім етті, деп хабарлайды 1bol.kz.
"Президент шын жүректен біздің жігіттерді қолдайды және жеңіс үшін қолдан келген барлық мүмкіндігін жасайтынына сенеді", – деді Берік Уәли.
Айта кетейік, бүгін, 21 наурызда футболдан Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасының плей-офф кезеңінде Грекияға қарсы ойын өткізеді.
Матч сағат 00:45-те басталады.
Қазақстан ұлттық құрамасы Грекияны жеңген жағдайда Грузия – Люксембург жұбының жеңімпазымен 2024 жылғы Еуропа чемпионатына жолдаманы сарапқа салады.
Футболдан Еуропа чемпионаты 14 маусым – 14 шілде аралығында Германияда өтеді.
Еске салайық, Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин футболдан Қазақстан құрамасын қолдау үшін Афинаға (Грекия) ұшып барды.