Ол тағы 10 млн еуроға байып отыр
Саудиялық «Әл-Наср» клубының шабуылшысы португалдық Криштиану Роналду өзі бұрын ойнаған «Ювентус» клубымен соттасты деп жазады La Repubblica басылымы.
Белгілі болғандай, Роналду мен туриндік клуб арасында пандемия кезінде алмаған жалақыны кейінге шегеру туралы құпия келісім болған. Алайда, пандемия біткеннен кейін де «Ювентус» басшылары даңқты футболшыға 19,9 млн еуроны төлемеген.
Осыған байланысты былтыр күзде Роналду сотқа жүгінуге мәжбүр болыпты.
Күні кеше Италия соты «Ювентус» клубына Роналдуға 9,77 млн еуро төлесін деген шешім шығарды. Қаражаттың толық берілмеуіне португуалдық футболшының өзі кінәлі көрінеді. Ол құқық қорғау органдарына дер кезінде шағымданбағандықтан арбитражды сот екі тараптың жа жауапкершілігі бар деген шешімге келген.
Еске салайық, Криштиану Роналду «Ювентус» сапында 2018-2021 жылдар аралығында ойнады. Ол 134 матчта 101 гол соғып, Италия чемпионатын екі рет жеңіп алған.