Ол төрешіге айқайлап, журналистің құлағын жұлып алуға уәде берген
Туриндік «Ювентустың» бас бапкері Массимилиано Аллегри қызметінен қуылды. Клуб басшылары жаттықтырушының ерсі әрекеті үшін осындай қадамға барғанын мәлімдеген. Осылайша бапкерге 9 миллион еуро көлемінде айып ақы төленбейтін болды. Бұл туралы Football Italia басылымы жазды.
Аллегримен келісімшартты мерзімінен бұрын үзгені үшін «Ювентус» басшылары оған айып ақы төлеуі тиіс еді. Яғни, 2025 жылдың жалақысын ол толық алуы тиіс болған. Алайда, бас бапкер құжатта көрсетілген талапты бұзғандықтан ірі көлемдегі қаржыдан қағылып отыр.
Еске салайық, Италия кубогінің финалында «Ювентус» пен «Аталанта» кездесіп, туриндік клуб 1:0 есебімен жеңіске жеткен болатын. Осы матчтың 90+3 минутында төреші Бремерге қарсы тәртіп бұзылғанына қарамастан ойынды тоқтатпаған. Осыған ашуланған Аллегри үстіндегі киімін жерге ұрып, төрешінің бетіне айқайлаған еді. Артынша ол «қызыл қағаз» алып, стадионнан қуылды. Ал, кетіп бара жатқан сәтте «Ювентус» бапкері трибунада отырған журналистке тағы айқайлап, оның құлағын жұлып алатынын айтқан.
Аллегри «Ювентусты» екі рет баптады. 2014-2019 жылдар аралығында ол туриндік клубпен 12 трофей жеңіп алған болатын. Оның бесеуі – А сериясының чемпиондығы. Сондай-ақ, Чемпиондар лигасының финалына екі рет шықты.
Ал, оның клубқа екінші рет келуі 2021 жылы болды. Сол уақыттан бері «Ювентус» бірде-бір трофей жеңе алмай, күні кеше Италия кубогіне ғана қол жеткізе алды. Қазіргі таңда туриндіктер А сериясының турнирлік кестесінде төртінші орында тұр. Жарыстың аяқталуына небәрі екі тур қалды.