Ермаштың Бразилиядағы оқиғасы: 20 минут картинасыз тікелей эфир жүргізіп, Ұлттық арнаны "құтқарды"

Әлемдегі саяси белсенді топ-футболшылар

17.06.2024, 11:45

«Саясат спортқа араласпайды» деген бүгінде жай сөз болып қалды. Олимпиадалық қозғалыстың көш басында болған атақты француз Пьер де Кубертеннің «спорт – саясаттан тыс» деген қанатты сөзі де осы күні өз маңызын жойды. Ресей мен Украина арасындағы соғыс та әлемдік спортқа өз әсерін тигізіп жатыр. Дегенмен, бүгін біздің қозғайтын тақырыбымыз бұдан сәл өзгерек.

Бірінші гол арнасының кезекті шығарылымы саясат сахнасында жүрген және саяси көзқарастарымен танылған топ-футболшылар туралы болмақ.

1. Месут Озил

Криштиану Роналду 2010-2013 жылдары «Реалда» голды топырлатып соғып жүрді. Сол голдарының тең жартысына пасты Германияда дүниеге келген шыққан тегі түрік футболшы Месут Озил шығарып беретін.

Кейін Озил Лондонның «Арсеналына» ауысты. Англия астанасында жүріп, саяси белсенділігі арта бастады. Алдымен, Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен суретке түсіп, әлеуметтік желіге «Менің президентім!» деп салғаны сол екен, басына қара бұлт үйіріліп шыға келді. Озил Германия құрамасы сапынан қуылып, осылайша өзінің халықаралық мансабына балта шапты.

Одан соң «Твиттер» желісіндегі жеке парақшасында Қытайдағы аз ұлттарға, оның ішінде мұсылмандарға жасалып жатқан қудалауды айыптап, жазба жариялады. Оның жазбасына қатысты пікір де әралуан болды.  Осыдан кейін, Қытай билігі «Арсенал» - «Менчестер Сити» ойынын ел аумағында көрсетпей тастады. Оған қоса, Месут Озилдің әлеуметтік желі аккаунттарын Қытай территориясында бұғаттаған еді. Қытай СІМ өкілдері футболшыны Шыңжаңдағы жағдайды өз көзімен келіп көруге шақырғаны бар.

Соңғы кездері 36 жастағы футболшының Түркия азаматтығын алып, депутат ретінде сайлауға түсуі мүмкін екені де айтылып жүр.

2. Каха Каладзе

Италияның «Милан» клубының «Алтын» дәуірінде доп тепкен грузиялық спортшы Каха Каладзе қазір атақты саясаткер. Ол Грузия астанасы Тбилиси қаласының мэрі. Біздің тілмен айтқанда әкім. Оған дейін энергетика министрі, вице-премьер қызметтерін де атқарды.

Футболшы кезінде қарсылас командалардың шабуылшыларының адымын аштырмай, Каладзе өте қарапайым шенеунік деп мақтайтындар көп. 

Футболшы ретінде Каха «Динамо Киев», «Милан», «Дженоа» клубтарында ойнады. Екі мәрте Чемпиондар лигасында топ жарған жалғыз грузин футболшысы.

3. Джордж Веа

Африка құрлығынан «Алтын допты» жеңіп алған жалғыз футболшы Джордж Веа болатын. Футболдағы карьерасы қаншалықты сәтті болса, саясат сахнасындағы қадамы да өзі қалағандай өрбіді.

«Монако», ПСЖ, «Милан» клубтарында жоғары деңгейде ойын көрсеткен Джордж Веа карьерасын аяқтаған соң, саясатпен айналыса бастады. Үш рет президент сайлауына түсті. Екеуінде жеңілсе, біреуінде жеңіске жетті. Ол 2018-2024 жыл аралығында Либерия мемлекетінің басшысы болды.

4. Хакан Шүкір

Түріктер «Босфор бұқасы» деп атаған атақты «Галатасарай» клубының шабуылшысы Хақан Шүкір осы күні АҚШ-та такси жүргізіп жүр. Оның мұндай күйге түсуіне саяси белсенділігі мен діни көзқарасы себеп болды.

2002 жылы әлем чемпионатында ең жылдам соғылған голдың авторы карьерасын аяқтаған Түркияның қазіргі президенті Режеп Тайып Ердоғанның партиясына мүше болған. Бірақ партиядағы жемқорлыққа шыдамай, шығып кетеді. Сөйтіп, оппозициялық партияның қатарына өтіп кетеді. Бұл Ердоғанға ұнаған жоқ. Екеуі бұған дейін жақсы қарым-қатынаста болған. Тіпті Хакан үйлегенде тойында ең сыйлық қонақ ретінде отырған. Фетхуллах Гүленнің жақтасына айналған футболшы отбасымен бірге қудалауға ұшырайды.

Шүкір  «Ердоған менен барлығын тартып алды. Ол менен тәуелсіз болу құқығын, ой еркіндігін, жұмыс істеу мүмкіндігімнен айырды» деп айтты.

УЕФА кубогының иегері, әлем чемпионатының қола жүлдегері Хакан Шүкір қазір АҚШ-та такси жүргізеді сонымен қатар блогерлікпен айналысады.

5. Ромарио

Карьерасында 700-ден аса гол соғып, 1994 жылы Бразилия құрамасымен бірге әлем чемпионы атанған атақты шабуылшы Ромарио да былтырға дейін саясат сахнасында жүрді. Өз заманында Нидерландтың ПСВ, Испанияның «Барселона», «Валенсия» және Бразилияның «Васко да Гама» секілді командаларында доп тепті. 2009 жылы бутсысын шегеге ілген соң Ромарио араға бір жыл салып Бразилия Социалистік партиясынан Ұлттық конгресстің төменгі палатасының депутаты болып сайланды. Ал 2015-2023 жылдар аралығында Рио-де-Жанейро штатынан Бразилияның федералды сенаторы атанды. Яғни, ол сегіз жылда Бразилия социалистік партиясының жеті сенаторының бірі ретінде қызмет атқарды.

Жалпы, футболшы Ромарионың саясаттағы қадамы да сәтсіз емес. Артынан ешқандай жаман сөз ерген жоқ.

6. Кәрім Бензема

Франция ұлттық құрамасының экс-шабуылшысы Кәрім Бензема да ара-тұра саясат алаңынан көрініп қалып жатады. «Әл-Иттихад» футболшысы былтыр қазан айында Палестина-Израиль арасындағы қақтығыста Палестинаны жақтап, әлеуметтік желіде пост жариялаған болатын. «Біз бомбаның құрбаны болған Газа тұрғындары үшін дұға етеміз. Олар әйелдерді де, жазықсыз балаларды да аяусыз өлтіріп жатыр», – деп жазды. Аталған пост аз уақыттың ішінде жарты миллионнан астам лайк жинап, жазбаны 200 000-ға жуық адам өз парақшаларында бөлісті. Сонымен қатар 58 000 адам пікір жазды. Көп қолдау пікірлердің арасынан франциялық футболшыны даттағандар да табылып жатты. Соның бірі – Израиль құрамасының бұрынғы қақпашысы Дуду Ават. Ол пікір алаңына Бенземаға «сен нағыз оңбағансың» деп жазған болатын.

Бұл жазбаның соңы Францияда үлкен дауға ұласты. Жергілікті билік Кәрім Бенземаны террористік ұйыммен байланысы бар деп айыптап, оны азаматтықтан айыру туралы мәселе көтерді.

7. Анвар Әл-Гази

Таяу Шығыстағы қақтығысқа байланысты Кәрім Бензама ғана емес, өзге футболшылар да бас көтеріп, өз ойларын әлеуметтік желіде ашық айта бастады. Соның бірі – Нидерландтық футболшы Анвар  Әл-Гази. 29 жастағы «Майнц» футболшысы да әлеуметтік желіде «Бұл қақтығыс немесе соғыс емес. Бұл – геноцид, Израиль Палестинаны жаппай қырып-жойып жатыр. Оны бүкіл әлем көріп-біліп отыр», деп жазған болатын.

Осы мәлімдемеден кейін «Майнц» Анвар  Әл-Газимен арадағы келісімшартты уақытша тоқтата тұру туралы шешім қабылдап, оны командадан алыстатты. Нидерландтың Барендрехт қаласында туған Әл-Гази карьерасында «Аякс», «Лилль», «Астан Вилла», «Эвертон», ПСВ секілді командаларда өнер көрсеткен. «Майнц» сапына 2023 жылдың жазында ауысып, небәрі үш матчқа ғана қатысып үлгерді.

8. Джанни Ривера

Өткен ғасырда Италия құрамасы сапында жарқырап өнер көрсетіп, 1968 жылы Еуропа чемпионы, 1970 жылы әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған Джанни Ривераның жасыл алаңдағы да, саясаттағы да мансабы сәтті болды деп айта аламыз. Футбол әлеміне «Алтын бала» деген лақап атымен танылған «Милан» клубының аңызы, екі рет Еуропа чемпиондарының кубогін иеленген Ривера карьерасын аяқтаған соң «Милан» клубында басшылық қызметтің бірін атқарды. Алайда команданы әйгілі саясаткер Сильвио Берлускони сатып алған соң саяси көзқарасына байланысты қызметінен кетіп, саясатқа араласу туралы шешім қабылдады.

1969 жылы «Алтын допты» иеленген Джанни осы марапатты алған футболшылар арасында алғашқылардың бірі болып саясат мінберіне шықты. Ол алдымен Христиан-демократиялық партия қатарына қосылып, Парламенттің төменгі палатасына сайланды. Содан кейін Ривера Италия парламентінің хатшылығына дейін жоғарылап, Қорғаныс министрлігінің Мемлекеттік хатшысы қызметін де атқарды.

9. Пеле

Әлемнің футбол королі деп танылған Эдсон Арантис ду Насименту, яғни көпшілікке Пеле есімімен танылған атақты футболшының кезінде саясатпен айналысқанын бүгінде көпшілік біле бермеуі мүмкін. Өткен ғасырдың 60-70-жылдары Пеленің ойынын көргендер оның өнерін әлі күнге дейін аңыз қылып айтады. Пеле – өз дәуірінде үш дүркін әлем чемпионы атанған жер бетіндегі жалғыз футболшы. Ол дағы доп додасында алтын кубокті ұтып алу бақытына ие болды. Ұлттық құрама сапында 92 матчта 77 гол соққан Пеленің рекордын бүгінге дейін ешкім бұза алмай келе жатыр.

«Футбол королі» 1995-1998 жылдар аралығында Бразилияның спорт министрі болып жұмыс істеді. Сондай-ақ әр жылдары қоғамда болып жатқан саяси жағдайларға ашық пікір білдіріп отырды. Мәселен, 2022 жылы Пеле өзінің Instagram-дағы аккаунтында Ресей президенті Владимир Путинді Украина аумағындағы қақтығысты тоқтатуға шақырған ашық хат жариялап, Украина халқына тілектес екенін білдірген еді.

10. Карлос Вальдеррама

Футбол әлемінде жасыл алаңдағы жарқын өнерімен де, ерекше шаш үлгісімен де танылған колумбиялық ойыншы Карлос Вальдеррама 1990 жылы Италияда өткен әлем чемпионатында Колумбия құрамасын 1/8 финалға алып шықты. Және бұл колумбиялықтардың әзірге әлем чемпионаты тарихындағы ең үздік көрсеткіші болып тұр. Ұлттық құрама сапында Карлос 111 ойын өткізіп, 11 мәрте мергендігімен көзге түскен. Вальдеррама Оңтүстік Америкада екі рет жылдың үздік футболшысы атанды. Сондай-ақ FIFA жариялаған 125 үздік футболшының тізіміне енген жалғыз колумбиялық ойыншы.

Футболшы 2002 жылы карьерасын аяқтаған соң бірер жыл бапкерлік қызмет атқарып, кейіннен Майамиде балалар футбол мектебін ашты. Сондай-ақ өзін актерлік бағытта сынап, аргентиналық-колумбиялық киноға түскен. Ал 2013 жылы өзін Колумбия президенттігіне ұсынды. Бірақ сайлауда қажетті дауыс жинай алмай, діттеген мақсатына жете алмады.

Материалда:

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам