Төреші 107 минутта Испания ойыншысының қолмен ойнағанына қарамастан қақпаға пенальти белгілеген жоқ
Футболдан Еуропа чемпионатының алғашқы ширек финалдық матчы Германия мен Испания арасында өткен болатын. Ойынның негізгі бөлігі 1:1 есебімен аяқталғанымен, испандықтар овертаймда бір гол соғып, жартылай финалға жолдама алды.
Бірінші тайм қос команданың өткір шабуылдарымен есте қалды демесек, жанкүйерлер соғылған гол көрмеді. Есесіне, екінші таймда алдымен Дани Ольмо есеп ашса (51-минут), 89-минутта неміс Флориан Вирц гол соғып, командасын жеңілістен құтқарған.
Алайда, екінші овертайм аяқталар тұста Испания ойыншысы Микель Мерино қапталдан көтерілген пасты баспен қақпаға дәл бағыттап, жеңіс голының авторы атанды.
Айта кету керек, 107 минутта Марк Кукурелья өз айып алаңында анық қолмен ойнаған болатын. Алайда, төреші ереже бұзылған жоқ деп, Испания қақпасына пенальти белгілемеді. Тіпті, VAR көмегіне де жүгінген жоқ.