Жаттықтырушының өзі болса мұндай сыйлыққа әлі лайықты емес екенін айтып отыр
Қазақстан Футбол федерациясының президенті Әділет Бәрмеқұлов ұлттық құраманың бас бапкері Магомед Адиевке су жаңа автокөліктің кілтін берді. Бұл туралы Бәрменқұловтың кеңесшісі Ермұхамед Мәулен өзінің Telegram-каналында жазды.
Көліктің маркасы белгісіз. Әлеуметтік желі қолданушылары кілтке қарап оның Mercedes немесе BMW екенін жазуда.
Ал, Адиевтің өзі болса мұндай құнды сыйлыққа әлі лайықты емес екенін айтып отыр.
«Бапкер және команда ретінде жанкүйерлер алдында тиісті межені орындамағанымызды білемін, тиісінше бұл сыйлыққа толық лайықтымын деп айта алмаймын. Әріптестерімізбен бірге футболдан Еуропа чемпионатына шығу үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Алда үлкен жұмыс күтіп тұрғанын сеземіз, сол үшін де өзіміздің сүйікті спортымыз — футболдағы мақсатымыздың орындалуы үшін аянып қалмаймыз. Бұл сыйлықты бағалаймын, ол мен үшін мотивация ғана емес, еліміз бен халқымыз алдындағы міндетімді есіме түсіріп тұратын сый болмақ. Сенім мен қолдау үшін барлығыңызға алғыс», - деді бас бапкер.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы Еуро-2024 аясында іріктеу турнирінде топтан шыға алмады. Шешуші ойында Словениямен ойнаған жерлестеріміз 1:2 есебімен жеңіліп, өз тобында үшінші орынға табан тіреген. Енді құрлық бәсекесіне қатысу үшін Адиев шәкірттері наурызда Ұлттар лигасының жартылай финалында Грекияны жеңіп, финалда да жеңіске жетуі тиіс.