“1bol.kz” сайтын қолдағаныңыз - қазақша сапалы контентке жаныңыз ашығаны! Дауыс беріңіз

Париж Олимпиадасында ойқастаған футбол жұлдыздары

26.08.2024, 01:39

Олимпиададағы футболға аса қатты назар аударыла бермейді. Бірінші кезекте мұнда әлем чемпионатындағыдай сыйақы жоқ. Екіншіден құрамаға 23 жастан тек үш ойыншы ғана қосуға болады. Соған қарамастан төрт жылда бір келетін жазғы ойындарға құрамасы үшін баратын жұлдыздар да емес. Олпмпиада ойындарын әр жылдары Ференц Пушкаш, Лев Яшин, Хосеп Гвардиола, Карлос Тевес, Лионель Месси, Анхель Ди Мария, Самэуль Это О, Неймар, Дани Алвес секілді атақты футболшылар жеңіп алған.

Ендеше Бірінші гол арнасы бүгін Парижде өтіп жатқан төрт жылдықтың басты додасына келген ең басты жұлдыздарды тізіп шықпақ

Хулиан Альварес (Аргентина)

Англияның «Манчестер Сити» клубында доп тебетін шабуылшы Хулиан Альварес Олимпиада ойындарының ең қымбат футболшысы атанды. Трансфермаркет шабуылшы 90 миллион евроға бағалап отыр. Альварес былтырғы маусымда барлық турнирде 54 матч өткізіп, 19 гол соққан. Чемпиондар лигасында бес рет мергендік танытқан.

Хулиан футболшы ретінде барлық кубокқа ие болған. «Ситидегі» екі жылында Англия премьер-лигасында екі рет, Чемпиондар лигасында бір мәрте топ жарды. Аргентина құрамасымен әлем біріншілігін және жақында Копа Америка кубогын жеңіп алды. Енді қалғаны Олимпиада ойындары еді. Бірақ демалысын қиып, Парижге келгендегі Альварестің жоспары орындалмады. Ширек финалда Аргентинадан жеңілді. Хулиан өзі бірде бір гол соқпады.

Ашраф Хакими (Марокко)

Кафу, Дани Алвестер секілді оң қапталда ойқастаған қорғаушылардың бүгінгі жалғасы саналатын Ашраф Хакими Олимпиада ойындарына ұлттық құрамасын бастап келді. Ол Марокко құрамасының капитаны. Трансферлік құны – 60 миллион евро.

Футболшы 2021 жылдың жазынан бері ПСЖ-да доп теуіп жүр. Сондықтан оған Францияның стадиондары жат емес. Хакими былтырғы маусымда 40 матч өткізіп, 5 гол соқты. Сонымен қатар 7 нәтижелі пасы бар.

Марокконың бас құрамасының жейдесін осыған дейін 77 рет киіп шыққан. 2022 жылы Криштиану Роналдуды үйіне қайтарып, әлем чемпионатының жартылай финалына дейін жеткен еді. Осы жолы Олимпиаданың бір медалін алуды көздейді.

Майк Олисе (Франция)

Трансферлік құны жағынан Альварес пен Хакимиден кейін үшінші орында Майк Олисе тұр. Трансфермаркет оны 55 миллион евроға бағалап отыр. 22 жастағы Франция құрамасының вингері Лондонда туған. «Арсенал», «Челси», «Манчестер Ситидің» академияларынан тәлім алған. Жақында Мюхеннің «Бавария» клубының ойыншысы атанды.

Германияның топ-клубы Олисені «Кристал Пэластан» 53 миллион евроға сатып алды. Майкл былтыр АПЛ-да жақсы маусым өткізді. Екі рет жарақат алып қалса да, 19 матчта 10 гол салды. Одан бөлек, 6 нәтижелі пасы бар.

Футболшы Францияның жасөспірімдер және жастар командаларында ойнаған. Әзірге ұлттық құрамасына шақырылған жоқ. Оның төрт құраманы таңдауына мүмкіндігі бар. Әкесі Нигерияден, анасы Алжирден. Туған жері Англия мен анасының туыстары тұратын Франция бар. Олисе шешім қабылдап, Францияда ойнауды жөн көрді.

Майк Олимпиадағы алғашқы голын топтық кезеңде АҚШ қақпасына соқты.

Александр Ляказетт (Франция)

Лондонның «Арсенал» клубының экс-шабуылшысы Александр Ляказетт Францияның капитаны. Өз елінде өтіп жатқан Олимпиада ойындарында топ жарғысы келеді.

Футболшы 2022 жылы «Лион» клубына оралған. Бес жылдан кейін қайтып келсе де, гол соғуды ұмытқан жоқ. Алдыңғы жылы 27, былтыр 19 рет мергендік танытты.

Франция ұлттық құрамасында 16 матч ойнаған, бірақ соңғы 7 жылда шақырылған жоқ. Сондықтан әлем чемпионы атану мүмкіндігінен айырылды. Осы жолы Анридің ұсынысымен олимпиадалық құраманы бастап шықты.

Пау Кубарси (Испания)

17 жастағы орталық қорғаушы Пау Кубарси – Испания құрамасының осы Олимпиададағы ең жас ойыншысы. Былтырғы маусымның соңында Ламин Ямаль екеуі «Барселонаны» сүйреп бақты. Әсіресе, Чемпиондар лигасында «Наполимен» кездесуде Осимхен, Кварацхелия сияқты жұлдыздарды тырп еткізбеген болатын.

Париждегі Олимпиада ойындарының алғашқы матчы Кубарси үшін сәтсіз басталды. Өзбекстанмен кездесуде қақпасына пенальти әкеліп, бас бапкер үзілістен кейін алып тастаған еді. Бірақ одан кейін матчтарды сәтті өткізді.

Фермин Лопес (Испания)

«Барселонаның» жастары дегенде Ямаль мен Кубарсиден» кейін Фермин Лопес түседі. 21 жастағы жартылай қорғаушы былтырғы маусымда ерекше көзге түскендердің бірі. Лопес өткен маусымда 42 матчқа қатысып, 11 гол соққан. Маусым айында Испания құрамасына шақырылып, Еуропа чемпионатына барып қайтты. Бірақ бас бапкер тек бір матчқа шығарды. Есесіне, Олимпиададағы басты жұлдыздардың бірі болып жүр. Ширек финалда Жапония қақпасына дубль жасады. Топтық кезеңде Доминикан Республикасына да мергендік танытты.

Николас Отаменди (Аргентина)

Месси, Ди Мария, Карлос Тевес, Игуаин және басқа да Аргентина жұлдыздарымен құрамада ұзақ жылдар топ депкен Николас Отаменди Олимпиадаға келді. Бұл жолы 36 жастағы қорғаушы капитан рөлін атқарды. Әлем чемпионаты мен Америка кубогындағы жеңістен кейін Николас Олимпиаданың алтынын алсам деп еді. Бірақ арманы орындалмай, ширек финалдан үйіне қайтты.

Отаменди Аргентинаның негізгі құрамасында 15 жылда 117 матч өткізген.

Жоғарыда атаған ойыншыларымыздан бөлек, Өзбекстан үздік сұрмергені Эльдор Шомуродовты алып барды. Ол топтық кезеңде пенальтиден Испания қақпасына гол соқты. Францияда жас жұлдыз Райан Шерки, Испанияда қорғаушы Эрик Гарсия, Израиль құрамасында Оскар Глух, Гвинеяда Наби Кейта бар. Париж Олимпиадасы футбол жұлдыздарына кенде болған жоқ.

Материалда:

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам