"Қайраттың" чемпиондығына күмән. Мазақ болған "Астана". Өтірік сөйлеген депутат – ҚПЛ-дің соңы

Легионерден бас тартсақ Қазақстан футболы құлдырайды – Самат Смақов

06.11.2024, 23:31

Даңқты футболшы ел футболындағы проблемалар туралы айтты

Легионерден бас тартсақ Қазақстан футболы құлдырайды – Самат Смақов
Павел Лаптев

Қазақстан құрамасының белді ойыншысы болған, бүгінде «Астана» клубының техникалық директоры Самат Смақов облыс әкімдерін сынады. Оның айтуынша, өңір басшылары футболдың болашағын ойламай, бүгінгі нәтиже үшін ғана бас ауыртады. Елімізде легионерлер мәселесінің өзекті болып тұрғаны да сондықтан дейді ол.

Дегенмен, шетелдік ойыншыларды қаржыландыруды тоқтату – футбол клубтарын құрдымға кетіреді деп есептейді футбол менеджері. 

Осы орайда біз Смақовпен балалар футболы, легионерлер және өзге елдерде ойнап жүрген қазақстандық футболшылар туралы сөйлестік.

Жас футболшылар байлыққа мас болса – болашағына балта шабады

– QJ League жобасының екінші маусымы жабылды. Бұл жобаға қатысты сынды да жиі естиміз, футболшы ретінде сіздің ойыңыз қандай? Аталған жоба жас футболшыларға не береді?

– Бұл өте ауқымды жоба. Бізде футболға қатысты айтылатын сын көп, бәрі футбол деңгейі қашан көтеріледі деп күтіп жүр. Негізінен жоғары деңгейге көтерілу үшін алдымен балалар футболын дамыту керек. QJ League басшылығы дәл қазір сол бағытта жұмыс істеп жатыр, олар футболдың болашағы үшін қыруар еңбек етіп жатыр. Себебі бірнеше жас деңгейіндегі балалар тұрақты ойын өрнегін көрсетіп жүр, бапкерлік штабтың ғана емес, өзге клуб басшыларының, жаттықтырушылардың көз алдында. Үлкен топтағы балалар қазір 16-17 жаста, тағы бірнеше жылда құрама сапында, ҚПЛ клубтарында ойнауы керек. 

Бірақ бұл жерде кімнің қаншалықты алысқа шабатыны әр баланың өзіне ғана байланысты. Олар алдағы уақытта еліміздің ғана емес, әлемдік деңгейдегі жұлдыз боламын десе, тынбай еңбектенуі қажет, бәрі өздерінің қолында. Оның үстіне QJ League басшылығы балаларға барлық жағдайды жасап беріп отыр. Мұндай жағдай Бірінші лига тұрмақ, Премьер-лига клубтарының кейбірінде жоқ. Олар төрт немесе бес жұлдызды қонақүйде тұрады, өзге қалаларға ұшақпен ғана барады. Сондықтан адамдардың не үшін сынап жатқандығын түсінбеймін. 

Ең бастысы, осы жайттар балалардың басын айналдырып қоймаса болғаны. Басшылық қатысушылар ештеңеге алаңдамай, тыңғылықты жаттығуын жасап, ойындарға қиналмастан қатысуына мүмкіндік беріп отыр. Балалар соның қадірін түсінбей, футболды екінші орынға қойған сәтте өздерінің футболшы ретінде болашағына балта шабады деген сөз. 

– Бұл жоба өміршең бола ала ма?

– Кішкентай кезімде футбол ойнаған кездерім есіме түседі. «Былғары доп» жобасында әртүрлі командалармен кездесулер өткіздік. Әр ойын сайын тәжірибең артады, дамисың, өсесің. Сондықтан оның ғұмырлы болуы отандық футболдың болашағы үшін өте маңызды.

«Елімайға» реніш жоқ, ренжитін бала емеспіз...

– Қазір «Астана» клубында техникалық директор болып қызмет атқарасыз. Сіздің міндетіңізге не кіреді?

– Мен үнемі негізгі командамен бірге жүремін. «Астана Аренада» жөндеу жұмыстары жүріп жатқандықтан, клуб Алматыда жаттығады. Клуб басшылығы жоқ кезде, олардың міндеті маған жүктеледі, бапкерлік штабпен сөйлесіп, туындаған мәселелерді шешемін. 

– «Астанаға» Алматы алаңында жаттығу жасау, ойнау қаншалықты қиын?

– Өте қиын. Маусым бойы сырт алаңда өнер көрсету кімге болса да ауыр соғады. Жанкүйерлеріңнің алдында, өз жеріңде ойнағанға не жетсін?! Кейбір футболшылар отбасынан жырақта жүруге мәжбүр, олардың балалары Астанада оқиды, тиісінше психологиялық тұрғыда ауыр соғып жатыр. Бұйыртса, биыл аренаның жөндеу жұмыстары аяқталып, клуб елордаға оралады деп үміттенеміз.

 – Жуырда өткен «Астана» – «Атырау» матчы дауға ұласты. Төреші белгілеген пенальтиге қатысты сұрақ көп. Осы орайда сіздің пікіріңізді біле кетсек.

– Менің бұл жерде пікір білдіргенім әдепсіздікке жатады. Өйткені мен футболшымын. Егер төрешілік тәжірибем болғанда, онда ойымды ортаға салушы едім. Ол үшін бізде Төрешілер алқасы бар. Солар ақылдаса отырып, оның дұрыс-бұрыстығын айта жатар. 

– Жақында «Астана» «Елімайды» жеңіп, әлеуметтік желіде елордалықтардың жеңісіне сіздің лайк қойғаныңыз да талқыланды. «Самат Смақов бұрынғы клубына ренжулі екен» деген сыңайдағы әңгімелер айтылды...

– Не үшін ренжимін, бала емеспіз ғой. Лайк қойсам, өзім жұмыс істейтін клубтың жеңісіне қуанғаным. Бұл матчты күттік, уайымдадық. «Астана» үшін әрбір ұпай маңызды. 

– «Астананың» биылғы маусымдағы ойынына қандай баға бересіз?

– Бірінші айналым өте сәтсіз өтті, бұл сөздеріммен бапкерлерді немесе футболшыларды айыптайын деп отырған жоқпын, бұл менің жанкүйер ретінде пікірім. Қазір сол олқылықтардың орнын толтыруға тырысып жатырмыз. Жігіттер аянып қалып жатқан жоқ. Үш матч қалды, енді бәрі өздеріне байланысты. Егер чемпион атанғысы келсе, сол үшін ойында жеңіске жету керек.

Черчесовке уақыт керек

– Ұзақ жылдар бойы құраманың көшбасшысы болдыңыз. Сондықтан бүгінгі құрамамыздың бас бапкері Станислав Черчесовке қатысты да ойыңызды білгіміз келеді. Себебі ол қызметіне кіріскелі футболшылар жанкүйерлердің көңілінен шығатын нәтиже көрсеткен жоқ. 

– Черчесовті басшылық тағайындап отыр. Станислав Саламұлы бапкер ретінде де, ойыншы ретінде де өте тәжірибелі. Әрине, нәтижені жанкүйердің бәрі талап ететіні рас, көпшілік бұрынғы жылдардағы табыспен салыстырып жатыр. Бірақ жақсы нәтиже тек уақытпен келеді. Сондықтан күте тұру керек деп ойлаймын. Ал бағаны іріктеу маусымының қорытындысы бойынша федерация басшылығы мен БАҚ өкілдері береді. 

Бізде адамдар бәрі бірден бола салғанын қалайды. Ешкім бапкерлерге уақыт, мүмкіндік бергісі келмейді. Ал спорттың кез келген түрі жүйелі жұмысты талап етеді. Сол секілді клуб басшылығы ауысқанда да бірден жоғары көрсеткіш сұрау дұрыс емес. Ол болашақ үшін жұмыс істеп, балалар футболын дамытудан бастауы керек. Мысал ретінде «Қайрат» академиясын алайық. Қайрат Советайұлы бұл академияның негізін 2013 жылы қалаған. Араға он жыл салып ол жемісін бере бастады. Қазір «Қайрат» түлектері негізгі клуб сапында, өзге командаларда өнер көрсетіп жүр. 

Әйтпесе жаңадан келген әкім клуб басшылығына қысым көрсетеді, тез арада нәтиже сұрайды. Сонан соң бапкер дубльге, жастарға мән беріп отыра ма? Жоқ. Себебі оның уақыты жоқ, оған жоғары көрсеткіш керек. Басшылық та, бапкерлік құрам да өз орындарын сақтап қалу үшін ауқымды мәселелерді шешуге ғана көңіл бөледі. Сол үшін уақыт берілуі керек. Бізде мұны ешкім түсінгісі келмейді.

Легионерсіз футболымыз құлдырайды

– Соңғы күндері легионерлерді қаржыландыруды тоқтату мәселесі заң жобасы аясында шешіліп жатыр. Біздің футболда, соның ішінде «Астана» клубында легионерлер өте көп. Егер заң жобасы қабылданса, клубтар не істейді?

– Легионерлерді қаржыландыру тоқтатылса, онда бізде легионер қалмайды деген сөз. ҚПЛ-дағы өз орындарын сақтап қалуға күресіп жатқан клубтарға ешкім ақша бермейді, оларда онсыз да демеуші жоқ. Алғашқы орында тұрған клубтар өйтіп-бүйтіп демеуші табуы мүмкін, ал басқаларының халі мүшкіл. Яғни деңгей мүлде алшақтап кетеді. Өзіміз де сол деңгейі жоғары легионерлерге, аға буынға қарап өстік, үйрендік, жастар да дәл солай. 

Біздің чемпионаттың деңгейі онсыз да төмен, легионерлерсіз жағдай тіпті қиындап кетеді. Сондықтан бұл жерде ортақ шешім қабылдануы керек деп ойлаймын. Мүмкін лимит енгізу керек шығар. Бастысы, өз елдерінде ешкімге керек болмай қалған, бәсекеге қабілетсіз легионерлерді емес, шынымен де мықтыларды шақырту қажет. Шетелдік ойыншыны алып келсек, онда оның деңгейі біздің футболшылардан бір бас жоғары болуы қажет. Өзім Ресей мен Түркияда легионер болып көрдім. Ол жақта талап өте жоғары, сен жергілікті футболшыларға қарағанда екі есе сұраласың. Ал бізде екінші алтылықтағы клубтардың көбісінде деңгейі төмен легионерлер аз емес. Олар біздің футболшылардың орнын иеленіп қана жүр. Бапкер оны амалсыз шығарады, себебі басшылық қыруар қаржыға сатып алынған шетелдіктің неге алаңда ойнамайтынын сұрайды. Міне, легионерлердің деңгейіне қатысты мәселені шұғыл шешу керек. 

– Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаевтың сөзінше, талқыланып жатқан заң жобасында «Қазақстан азаматтығы жоқ спортшылар қаржыландырылмайды» деп көрсетілген. 

– Мәселе мынада: Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің футболшылары өзара легионер саналмайды. Егер қаржыландыру түбегейлі тоқтайтын болса, тиісінше олар бізге келіп ойнай алмаса, біздің футболшылар да ол мемлекеттерде өнер көрсетпейді деген сөз. Таяқтың екі ұшы бар, осының бәрін ескеруіміз керек.

Бақтиер Зайнутдинов пен Абат Айымбетов жайында

– Түркия чемпионаты деп қалдыңыз. Қазір онда екі футболшымыз өнер көрсетіп жүр. Бірақ сарапшылар олардың деңгейі түрік чемпионатына келмейді дегенді жиі айтады. Сіз не дер едіңіз?

– Түркия чемпионатының деңгейі өте жоғары. Егер сен жекелей көрсеткіштер бойынша оқ бойы озық тұрсаң, онда алаңға шығасың. Бахтиер Зайнутдинов Түркияның топ клубында ойнайды. Ол жақта кілең жұлдыздар жиналған. Оның үстіне, Баха да легионер, тиісінше оған қойылатын талап мүлде бөлек. Бірақ Баха басқа көрсеткіштер бойынша мықты. Ол тәртіпке бағынатын, команда үшін ойнайтын футболшы, сенімді қорғаушы. Оны қорғаныс шебіне түсіріп жатқаны да сондықтан, ал шабуылда басқа қабілеттер керек. 

– Оның деңгейі «Бешикташтың» деңгейіне сай келе ме?

– Баха өте еңбекқор, өзіне өте талапшыл футболшы. Екеуміз жиі сөйлесіп тұрамыз, Түркияға барғанда да кездесеміз. Бірақ ол жақта легионерлерге талап бөлек, сен шетелден келдің бе, онда жұлдыз болуың керек. 

– Черчесов оның Ресей чемпионатына қайта келгенін қалайтынын ашық айтқан. Оның оралғаны дұрыс па?

– Басқа клубқа кетемін десе, Түркиядағы ортаңқол командалардың біріне немесе еуропалық клубқа барғаны дұрыс. Өзіне де соны айтқанмын. Ресейге де, Қазақстанға да оралудың қажеті жоқ. Ресейге келсе, екі жыл топ клубта ойнар, сонан соң басқа орташа ұжымға жалға беріледі, тағы екі жылдан соң Қазақстанда жүреді. Бұған күмәнім жоқ. 

Абат Айымбетов екеуінің оралғандарын қаламаймын. Абатқа да оңай еместігін білемін, ол жақта бәсекелестік жоғары ғой, менмін деген футболшылармен иық тірестіріп ойнап жүр. Алаңға жиі шықпаса да, барын салып жатыр. Түркиядан кетемін десе, Словакия, Чехия чемпионаттарына барсын. Мысалы, Рамазан Оразов өте дұрыс істеді. Қазақстанға оралдым дегенше, футболмен қоштастым дей берсін. Иә, елімізге немесе Ресейге келсе, банктен жалақыға қатысты келетін хабарламада бір нөл артық болар, алайда сіз футболмен қоштасасыз. Бұл жерде әркім таңдауды өзі жасайды: не футбол, не ақша. 

– Қазір футболшыларымыздың арасында ақша үшін ғана шетелге кеткісі келмейтіндер бар ма?

– Білмеймін, мүмкін бар да шығар. Дегенмен қазір футболға құйылатын ақша бұрынғыдай емес. Футболшыларымыз керемет деңгей көрсетіп жатқан да жоқ, сондықтан шетелдік клубтар тарапынан сұраныс болмауы да мүмкін. Қалай айтсақ та, өскісі, дамығысы келетін футболшы Еуропа командаларына ауысуға тырысуы қажет. Ол бізде жұлдыз болмауы да мүмкін, есесіне шетелдік клубта әлеуетін көрсетіп, жаңа деңгейге көтерілер. 

– Әңгімеңізге рахмет!

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам