Команда ел чемпионатының соңғы ойынына тыңғылықты дайындалып жатыр
Конференция лигасында өнер көрсетіп жатқан «Астана» футбол клубы бүгінгі «Пафоспен» (Кипр) болатын матчқа екінші құраммен шығатын болды. Бұл туралы клубтың бас бапкері Григорий Бабаян мәлімдеді.
Матч Кипрде өтеді. Бабаян бұл ойында алаң иелерінің фаворит екенін жасырмады. Десе де, жеңіс үшін аянып қалмаймыз деді ол.
«Пафос» қазір Кипр чемпионатындағы ең үздік команда және онда Бразилия, Аргентина және Португалияның ойыншылары доп тебеді. Топта ұпай саны жағынан да әлдеқайда озып кетті. Бұл ойында «Пафостың» фаворит екені түсінікті, бірақ біз өзімізді жақсы жағынан көрсетуге тырысамыз», - деді «Астананың» бас бапкері.
Айта кету керек, елордалық клуб қазір ҚПЛ-дың соңғы матчына дайындалып жатыр. Чемпион болуға әлі де мүмкіндік бар. Ол үшін «Жетісуды» жеңуі, ал басты бәсекелесі «Қайрат» ұпай жоғалтуы тиіс. Сол үшін Бабаян аталған ойынға бірінші құрамды дайындап жатыр.