Ол өзі де алғашында нақты қай құрылымда қызмет етіп жүргенін толық түсінбеген сияқты
2016 жылғы Рио Олимпиадасының чемпионы, ресейлік боксшы Евгений Тищенко жөнінде бұған дейін «ол Владимир Путиннің күзет қызметінде жұмыс істеген» деген ақпарат тараған еді. Дубайда өтіп жатқан әлем чемпионаты кезінде спортшының өзінен осы жайлы сұрап білдік.
– Сіз Ресей президенті Владимир Путиннің күзетінде қызмет еттіңіз деген ақпарат бар. Бокс пен аса жауапты жұмысты қатар алып жүру қиын болмады ма?
– Мен тек президенттің қауіпсіздігін қамтамасыз еттім, – деп жауап берді Тищенко.
Ресейдің Федералдық күзет қызметі (ФСО) Тищенконың спорттық мансабы алғаш ІІМ жүйесінде басталғанын, кейін әскери қызметке шақырылып, ФКҚ құрамына өткенін хабарлаған болатын.
«Ол өзі де алғашында нақты қай құрылымда қызмет етіп жүргенін толық түсінбеген сияқты. Сол себепті Бразилияда берген алғашқы сұхбатында өзін полиция қызметкерімін деп таныстырды. Олимпиададан кейін ол қайтадан ФКҚ құрамына оралады. Ал болашақта қызметін жалғастыра ма, жоқ па – оны өзі шешеді», – делінген сол тұста ведомство өкілінің мәлімдемесінде.
Тищенко бокспен 5-сыныптан бері айналыса бастаған. Мектеп кезінде-ақ Оңтүстік федералдық округінің біріншілігінде жүлделі орын иеленген.
Еске салайық, Рио Олимпиадасының финалында қазақстандық Василий Левит ресейлік Евгений Тищенкоден 0:3 (28:29, 28:29, 28:29) есебімен жеңілген еді. Осы шешімнен кейін жанкүйерлер ресейлік боксшының жеңісін қабылдай алмай, оны айқаймен қарсы алған. Олимпиада чемпионы көрермендердің реакциясына өкініш білдірген болатын.