Оның сөздеріне мән берудің қажеті жоқ дейді отандастары
«Спартак» футбол клубының бұрынғы президенті Андрей Червиченко Қазақстан құрамасының бас бапкері Станислав Черчесовты қатаң сынға алды.
Бұған дейін Черчесов Ресей чемпионатындағы клубтар «баяу қозғалады» деп пікір айтқан болатын. Бұл Червиченконың шамына тиіп кеткен секілді.
«Ол бізді қазақтармен салыстырып отыр ма? Шынын айтқанда, оның сөздеріне дәл қазір мән берудің қажеті жоқ. Иә, біздің футбол Еуропа футболынан қарағанда баяу. Мұны тек Черчесов айтып отырған жоқ, оған дейін де Карпин айтты, басқа да бапкерлер айтты. Әркімнің өз футболы бар. Біздің жылдамдық еуропалықтардан төмен болса да қызығушылық жоғары», - деді Червиченко «Матч ТВ» телеарнасына берген сұхбатына.
Айта кетейік, Станислав Черчесов биыл жазда Қазақстан құрамасының бас бапкері болып тағайындалды. Ол Ұлттар лигасында командамен бірге 6 матч өткізіп, бесеуінде жеңілген. Ұлттық құрама алты ойынның бірде-бірінде қарсыластар қақпасына гол соға алмай, өз қақпасына 15 гол жіберіп алды.