ЖБ Шоу #11! Жаңа шығарылым! Азиада-2011: Алматыдағы «позор»

«Хатымыз жауапсыз қалды». Қызметінен кеткен Орталық стадион директоры депутатты айыптады

20.12.2024, 16:16

Алматыдағы Орталық стадионындағы қар директордың кетуіне себеп болған

«Хатымыз жауапсыз қалды». Қызметінен кеткен Орталық стадион директоры депутатты айыптады
orda.kz

Конференция лигасы аясында кездескен «Астана» мен «Челси» ойыны кезінде Алматыдағы Орталық стадионның директоры Бауыржан Жұмажанов қызметінен кеткен болатын. Енді экс-басшы өзінің қызметінен босатылуы заңсыз екенін алға тартып, қардың тазаланбауына жұмысына салғырттық танытқан қалалық мәслихат депутаты әрі «Алматы қаласының спорт құрылыстары дирекциясының» ЖШС басшысы Елена Тёні айыптап отыр.

Жұмажанов дәлел ретінде құжаттарды да ұсынған.

«Мәселенің мән-жайын анықтап алмай, менің жұмыстан кету туралы арызымды қабылдаудың өзі дұрыс емес деп ойлаймын. Жұмыс күші жетпегендіктен, қарды тазалап үлгермедік. Бізде көше сыпырушылардың саны небәрі төртеу, еден жуушылар да 8-9 ғана. Бұған дейін жұмысты атқарып жүрдік, себебі жаз бен көктемде мұндай көлемде жауын-шашын жаумайтын. Желтоқсан айында ешқашан мұндай матчтар өткізген емеспіз. Шатыр жоқ, сондықтан қардың стадионға жаууы заңдылық. Оның үстіне күн суық болды – 12-14 градус нөлден төмен», - деді ол.

Жұмажановтың сөзінше, ол бірнеше рет жоғарыдағы басшылыққа хат жазған, алайда қызметтік хатына сол күйі жауап келмеген.

«Өз тарапымнан бірнеше рет «Алматы қаласының спорт құрылыстары дирекциясының» ЖШС басшылығына хат жасадым. Бірақ қызметтік хаттарыма ешқандай жауап келген жоқ. Тиісінше қосымша жұмыс күшін жұмылдыруға мүмкіндік берілген жоқ. Қалалық қызмет көмек көрсетіп, олар Сәтпаев және Абай жақтағы қарды тазалауға қол ұшын созды. Оның өзінде үш күн бойы тазалады. Бізде бір трактор бар, соны жұмылдырдық. Орындықтар тұрған жерде жұмыс жүргізу қиын болды. Себебі біз тазалаған соң тағы қар жауды. Сонан соң өзге нысандардан бірнеше адамды шақырттық, олар бірер сағат көмектесіп, өз жұмыстарына кетті», - деп отыр.

Экс-директор басшылық тыңғылықты жұмыс атқармағанын айтады.

«Басшылық тарапынан ұйымдасқан жұмыс болған жоқ. Жиналыс өткізіп, хаттама толтырылуы керек еді. Мен төрт күнге адамдар сұрағанмын, себебі матчтан кейін де қарды тазалау қажет болды», - деді ол.

Бұрынғы басшы жұмысшылардың айлығы да өте төмен екенін айтып, жалақыны көтеру туралы өтініші де ескерілмегенін тілге тиек етті.

«Трибуналар аумағы 40 мың шаршы метрді құрайды. Стадионның айналасындағы аумақ 10 гектарға тең. Стадионның ішінде тазаланатын аумақ 17 мың шаршы метр. Осы аумаққа бізде бар-жоғы 14 адам болды. Олар күнделікті таңғы 6-дан бастап кешкі 6-ға дейін тынбай жұмыс істеді. Ал олардың қолына алатын жалақысы 80-85 мың теңге ғана. Олар да салыстырады ғой, кейбір нысандарда осындай аумақ үшін көше сыпырушылар 200 мың алады. Біз талай рет жалақыны көтеру, қызметкерлер санын арттыру туралы өтініш жасадық. Шыны керек, бір жарым жылда солардың бір де бірі шешілген жоқ», - деді.

Одан қалды ол өз атына кір келгеніне ренжулі.

«Бүкіл елге «директор жұмысын лайықты атқармай, қар тазаланбады» деп айтылды. Сондықтан алдымен бәрін бүге-шігесіне дейін анықтап алу керек еді. Талап ету үшін алдымен жағдай жасалуы керек. Жұмысшыларға жағдай жасау керек, олардың айлығын көтеріп, қажетті техникамен қамтамасыз ету қажет. Біз қарапайым күрек немесе сыпырғыш сатып алу үшін дирекцияға өтініш жазамыз. Меніңше, бұл дұрыс емес. Стадион жеке тұрған нысан ретінде мұндай іспен өзі айналысуы керек. Сол кезде бәрі шешілуші еді. Сонда ғана басқарушы директордан талап етуге болатын еді», - деді экс-директор.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам