Сондай-ақ, ол осы діндарлармен бірігіп, ірі көлемде ақша бопсалады деген күдікке де ілініп отыр
Жақында «Каспий» футбол клубының экс-басшысы 27 млн теңге жымқырды деген күдікпен ұсталғаны туралы ақпарат тараған еді. Бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің баспасөз өкілі Данияр Биғайдар осыған қатысты детальдарды айтты.
Оның мәліметінше, «Каспий» футбол клубының бұрынғы директоры мен діни радикалдарға қатысты қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Олар аса ірі көлемде ақша бопсалады және зорлық-зомбылық көрсетті деген күдікке ілінген.
«Прокуратураның үйлестіруімен сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет үш күдіктіні қамауға алды. ҚР Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 128-бабы негізінде олар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сонымен қатар, экс-директордың футбол клубының оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастыруға бөлінген бюджет қаражатын жымқыру фактілеріне қатысы тексерілуде. Қазіргі уақытта бұл іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр», - деді ресми өкіл.
Айта кетейік, «Каспий» футбол клубының экс-басшысы 27 млн теңге жымқырды деген күдікпен ұсталғанын жазған едік. Ол Қазақстан ұлттық құрамасының қорғаушысы Нұралы Әліптің алғашқы бапкері Ержан Жамбыров болып шықты.