Жаңажылдық шығарылым! Ерсін Ерік, Ермұхамед Мәулен, Олжас Байбосын, Уәлихан Қосанбай, Эльдар Аманбаев

«Қазақстандық маман көтерген»: ПСЖ мен «Мансити» қызыққан өзбекстандық футболшысы туралы не білеміз?

07.01.2025, 09:16

Ол Еуропаға аттану үшін ресейлік клубтар тарапынан болған ұтымды ұсыныстардан бас тартқан

«Қазақстандық маман көтерген»: ПСЖ мен «Мансити» қызыққан өзбекстандық футболшысы туралы не білеміз?
Franco Arland / Contributor / Getty Images Sport

Футболдан Өзбекстан құрамасының және «Ланс» (Франция) клубының қорғаушысы Абдукодир Хусанов туралы инсайд ақпараттар толастар емес. 20 жастағы футболшыға «Манчестер Сити» мен ПСЖ қызығып жатқан көрінеді. Бұл туралы ақпаратты басқа-басқа емес, әйгілі инсайдер Фабрицио Романо жазыпты.

Мбаппенің «Реалға» қашан келетінін дәл анықтаған Романоның қателесетін кезі сирек. Ендеше Фабрицио айтса, сөзінің жаны бар. Осы ретте Хусанов деген кім? Ол қалай жарқ ете қалды деген сұраққа жауап іздеп көрмекпіз.

Абдукодир 2004 жылы 29 ақпанда дүниеге келген. Туған күні де ерекше, төрт жылда бір тойланады. Оның әкесі Хикмат Хошимов Өзбекстан құрамасы сапында 12 матч өткізген. Нағыз жұлдызды шағында 2007 жылы Азия кубогына қатысқан. Сонымен қатар, Хикмат Хошимов Бекабад қаласының «Металлург» клубының аңызы саналады. Бұл команда сапында 300-ден астам матч өткізген.

20 жасында Хусанов әкесінен басып озды. Өйткені Абдукодир Өзбекстан құрамасында 20 ойын өткізіп үлгерген. Хикмат Хошимов баласына өзінің емес, атасының тегін берген. Оған себеп – жалғыз дәстүр емес, жұрт «әкесінің арқасында жүр» деп айтпасын деген ойы болған. 

Хошимов әу бастан баласының футболшы болғанын қалаған. Бірақ «жетектеген тазы түлкі алмайды» дегенді ескеріп, Абдукодирдің карьерасын өзі жасағанына мән берген. Баласы «ешқандай жұлдыз ауруым жоқ» дейді. Өйткені қатал әкенің тәрбиесін көріп өскен. 

Хусанов алғаш футбол секциясына 5 жасында барған. Кейін Ташкенттегі ең заманауи «Бунедкор» клубының академиясына түсті. Бұл клубта әкесі бапкер болып жұмыс істеген. 

Қазақстан құрамасының ойыншысы көмектесіп жүр

Өзбек футболшысының ересектер арасындағы мансабының дұрыс қалыптасуына қазақстандықтардың қатысы бар. Атап айтсақ, Абдукодир 17 жасында Беларусь еліндегі «Энергетик-БГУ» командасына ауысады. Бұл клуб көбіне жас футболшыларды алуымен ерекше. Мәселен, осы команда арқылы Илья Шкурин Мәскеудің ЦСКА клубына ауысқаны бар. Ал Владислав Васильев Қазақстан ұлттық құрамасына шақырылатын деңгейге жетті. 2022 жылы «Энергетик-БГУ» Еуропадағы ең жас ойыншылары бар ТОП-5 команданың қатарына қосылды (орта жас – 21,4).

Беларусь еліне оны Қазақстан ұлттық құрамасының экс-ойыншысы Ұлықбек Асанбаев апарған. Мансабын аяқтаған соң көптеген клубта спорт директоры болған Асанбаевтың «Энергетик-БГУ» командасымен байланыс орнатуына Анатолий Юревич көмектескен. Ол белаурсь футболындағы танымал тұлға. Бір кездері Қазақстан футбол федерациясында жұмыс істеп кеткен. Сондай-ақ, футболшы Асанбаевты «Ордабасыда» жүргенінде жаттықтырған. 

«Энергетик-БГУ-ге» Ұлықбек жалғыз Хусановты емес, Бобур Абдихоликов пен Жасурбек Яхшибоевты да апарған. 

Хусановқа бір жыл күтуге тура келді

ФИФА-ның регламенті бойынша кәмелеттік жасқа толмаған футболшыға шетелдің клубында ойнауға болмайды. Сондықтан ол «Энергетик-БГУ» сапында бірден алаңға шыға алмады. Өйткені Асанбаев оны 17 жасында апарған. Әу баста Беларусь елінде үш ай командамен жаттығып, кейін Өзбекстанға оралады. Дайындықты үйінде жеке жалғастырады. Бұл процесс бір жылға жалғасты. Әйтеуір кәмелеттік жасқа толған соң, Беларусь еліне қайта барды. 

2022 жылы ақпанда Хусанов Беларусь чемпионатына тіркеліп, алаңға шығуға мүмкіндік берілді. Оған 100 доллар ғана жалақы төленеді. Шығындарын Асанбаев өзі төлеп беріп тұрған. 

Ресейді емес, Еуропаны таңдады

Абдукодир жастығына қарамастан Беларусь командасында негізгі құрамның ойыншысы атанды. Алғашқы маусымда 29 матч өткізіп, 3 гол соғып, 4 нәтижелі пас береді. Қорғаушы үшін бұл керемет статистика. Осыдан кейін-ақ оған көз тіккендер көбейді. Ресейдегі «Спартак», «Локомотив», «Сочи» клубтары ұсыныс жасаған. Бірақ ол Еуропаға бару үшін Ресей клубтарынан бас тартты. 

Әлем чемпионатында көзге түсті

Қазір Өзбекстан жастар құрамасы жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Өз елдерінде өткен 20 жасқа дейінгілер арасында Азия кубогында топ жарды. Сол кезде қорғануыста Хусанов жақсы ойнап берді. Жалпы, турнирде Өзбекстан құрамасы жалғыз гол жіберді. Мұндай сенімді қорғаныс бірінші кезекте Абдукодирдің арқасы. 

Одан кейін 2023 жылғы өзбек жастары әлем чемпионатына қатысты. Аргентинада өткен додада Өзбекстан топтан шығып, 1/8 финалға жетті. Оларды сол кезде Израиль жастары тоқтатқан. Осы тұста Хусановқа «Манчестер Ситидің» қызығушылығы туралы алғашқы инсайдтар пайда болды.

«Ланс» 100 мың еуроға сатып алған

«Манчестер Ситиден» қызығушылық болғанымен, өзбек ойыншысы алдымен ортаңқол командада ойнауды жөн көреді. Дәл сол тұста Францияның «Ланс» клубынан ұсыныс түсіп, ол сонда ауысып үлгереді. Трансфер құны 100 мың еуроға бағаланған. 

Алғашқы маусымда ол ротацияның ойыншысы болды. Былтырғы маусымда жалпы саны 16 матчқа қатысады. Оның ішінде Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының матчы да бар. Ал негізгі құрамда ойнауға толық мүмкіндік негізгі қорғаушылар – Факундо Медина мен Кевин Дансо жарақат алғанда пайда болды.

Кейін екеуі қатарға қосылғанымен, Хусанов қосалқы құрамда қалып қоймады. Өйткені «Ланс» үш орталық қорғаушымен ойнап жүр. 20 жастағы өзбек футболшысы биыл тек қызыл қағаздарына байланысты тек екі матчқа қатыса алмады. Қалған ойындардың барлығында алаңға шықты. Франция кубогы жолындағы матчта ПСЖ қақпасына гол салды.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам