24 жастағы қақпашы түмендік командамен келісімшартқа қол қойды
Қазақстандық қақпашы Александр Довгаль мансабын Ресейдің «Түмен» клубында жалғастыратын болды. Бұл туралы клубтың Telegram-арнасы хабарлады.
24 жастағы қақпашы түмендік командамен келісімшартқа қол қойды. Алайда оның келісімшартының егжей-тегжейі жария етілмеген. Аталмыш құрама Ресей бірінші лигасының кестесінде соңғы орында тұр, қоржынында небәрі 12 ұпай бар.
Өткен маусымда Довгаль Петропавлдың «Қызылжар» құрамасының қақпасын қорғады. «Қызылжар» Қазақстан премьер-лигасында тоғызыншы орын алған болатын. Бұған дейін қақпашы Көкшетаудың «Оқжетпес» сапында ойнап, бірінші лига жеңімпазы атанған.