
Клуб жаңа маусымда чемпион атануды көздеп отыр
Шымкенттік «Ордабасы» футбол клубы Нигериялық жартылай қорғаушы Салиман Кайодемен келісімшарт жасасты. Бұл туралы клубтың Instagram-парақшасында жазылған.
Айта кетейік, ҚПЛ-дің экс-чемпиондары биыл бірнеше футболшысымен қош айтысқан болатын. Олардың қатарында ұлттық құраманың мүшелері де бар.
«Нигериялық жартылай қорғаушы "Ордабасы" футбол клубымен келісімшартқа қол қойды. Келесі маусымда Салиманға клубымыздың сапында жаңа белестерді бағындыруды тілейміз», - делінген клубтың баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Бұған дейін Салиман Кайоде бақылау матчтарында ойнаған. «Ордабасы» құрамында 3 жолдастық кездесу өткізіп, 1 гол соғып, 1 рет нәтижелі пас берген.
Салиман Кайоде – Нигерияның «Кингсшуд» академиясының түлегі. Сондай-ақ, Сербияның «Златибор», Боснияның «Звезда 09» және «Подбрезова» клубтарының сапында ойнаған.