Ойыншылардың 80 пайызы кете ме? «Атырау» төрт легионермен қош айтысты

17.05.2025, 15:16

Төрт елдің футболшысы клубпен келісімшартты тоқтатқан

Ойыншылардың 80 пайызы кете ме? «Атырау» төрт легионермен қош айтысты
Видеодан кадр

«Атырау» футбол клубы төмен нәтижелерге байланысты төрт шетелдік футболшымен қош айтысу туралы шешім қабылдады.

Естеріңізде болса, апта басында клубтың бас директоры Дидар Сыдықбек алдағы өзгерістер туралы мәлімдеме жасады:

«Тұранмен» (0:1) өткен матчтан кейін футболшылармен «жігітше» сөйлестік. Алдағы екі ойында нәтиже болмаса, онда көпшілігі ешқандай өтемақысыз-ақ кетуге келісті. Негізінен бұл әңгіме легионерлерге қатысты. Жігіттер бұл бастаманы қолдады. Дәл қазір біз үшін ең маңыздысы – команданы ҚПЛ-да сақтап қалу. Құдай қаласа, келесі жылы арманымыздағы команданы қайта құрамыз деп үміттенемін».

Ал дүйсенбі күні Сыдықбек клубтың белорус жартылай қорғаушысы Никита Капленко, грузиялық қорғаушы Георгий Гадрани және португалиялық хавбек Гильерме Мораишпен келісімшартты бұзу жөнінде келіссөздер жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

«Түрлі пікір жазылып жатыр, бір нәрсе анық: ешкімнің еркелігін көтермейміз. Егер келесі екі ойында нәтиже болмаса, ойыншылардың 80 пайызы командадан кетуі мүмкін. Олардың орнына клубты төменгі лигаға түсуден құтқаруға тырысатындар келеді. Бұл – менің басты мақсатым! Қазір жақсы футболшылардың өзге клубтарда өнер көрсетіп жүр, оларды қаржымен ғана қызықтыруға болады, бірақ бізде қомақты қаражат жоқ. Сондықтан жеке өтінішпен шығып, достық қарым-қатынас арқылы ықпал етуге тырысып көреміз», – деді ол.

Ал бүгін клубтың баспасөз қызметі төрт ойыншының саптан кеткенін растады.

«Өзара келісім аясында «Атырау» футбол клубынан бразилиялық қорғаушы Матеус Барбоса, беларусьтік жартылай қорғаушы Никита Капленко мен португалиялық хавбек Гильерме Мораис және ресейлік шабуылшы Евгений Козлов кететінін ресми хабарлаймыз. Барлық келісімшарт екіжақты түсіністік шеңберінде бұзылды. «Атырау» футбол клубы командаға қосқан үлесі үшін аталмыш ойыншыларға алғыс білдіре отырып, ілгергі мансабына табыс тілейді», - делінген мәліметте.

Сыдықбек өз кезегінде қалған ойыншыларға екі матчта өздерін көрсетуге мүмкіндік берілгенін еске салды.

«Бәріміз келіп-кететін жандармыз, ал түптеп келгенде клуб зардап шегеді. Не бірігіп ойнаймыз, не орнымызды сүреңсіз жағдайды өзгертуге тырысатындарға береміз! Оянатын уақыт келді. Клубтан кеткен төртеудің екеуі – ең көп жалақы алатындар. Қазірдің өзінде екінші айналымға дайындық жүріп жатыр», – деді Сыдықбек.

Айта кетейік, осы маусымда бразилиялық қорғаушы Барбоза барлық жарыста 11 матч өткізіп, 2 гол соққан. Ресейлік жартылай қорғаушы Козлов 9 ойынға қатысқан. Капленко 8 матч өткізіп, 2 нәтижелі пас берген. Мораиш та 8 ойын өткізген. Олардың жалпы трансферлік құны – 875 мың еуро (470 миллион теңгеден астам).

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам