
Даңқты футболшы Португалия құрамасымен үш трофей жеңіп алған
Футболдан Португалия құрамасының 40 жастағы шабуылшысы Криштиану Роналду Ұлттар лигасындағы жеңісінен кейін жанкүйерлеріне үндеу жолдады.
Еске салайық, турнирдің финалында Португалия құрамасы Испанияны пенальти сериясында жеңіп, жарыстың екі дүркін чемпионы атанған болатын.
«Сіздердің қолдауыңызсыз бұл мүмкін болмас еді. Сіздер — үздіксіздер», - деп жазды Роналду X әлеуметтік желісіндегі парақшасында.
Финалдық кездесудің негізгі уақыты 2:2 есебімен аяқталған. Роналду соңғы голды соғып, командасын жеңілістен құтқарған. Алайда, 88-минутта жарақат алып, алаңнан кетті. Овертаймда құрамалар жеңімпазды анықтай алмай, пенальти сериясында португалдықтар 5:3 есебімен жеңіске жетті.
Осылайша, Португалия Ұлттар лигасының тарихында екінші рет чемпион атанды. Алғашқы жеңіске Роналдудың командасы 2019 жылы қол жеткізген болатын.