
Оның айтуынша, қазақстандық футболшылар өз алаңында қателікке бой алдырған
Қазақстан ұлттық құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде үш ойынның екеуінде жеңіліп қалды. Уэльстен жеңілгеннен кейін Лихтенштейнді ұтқан Әли Әлиевтің шәкірттері кеше Астанада Солтүстік Македония құрамасын қабылдап, 0:1 есебімен жеңілді.
Ойыннан кейін белгілі футбол маманы Болат Есмағамбетов Sports.kz порталына сұхбат беріп, кездесуге қатысты пікірін білдіріп, жеңіліс себептерін атады.
«Екі команда да бұл матчтың қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінді. Комбинациялық ойын шықпаса да, жігіттер мінез көрсетті. Алайда жоғары деңгейде шеберлік айырмашылығы қатты білінеді. Македондар кішігірім нюанстар арқылы жеңісті жұлып алды», - деді маман.
Оның айтуынша, қазақстандық футболшылар өз алаңында қателікке бой алдырған. Ал Кенжебек, Самородов пен Сатпаев өз мүмкіндіктерін жүзеге асыра алмады.
Солтүстік Македония құрамасының тактикасы да өзгеріссіз қалғанын айтқан Есмағамбетов олардың үш қорғаушымен кенеттен жылдам шабуыл ұйымдастыруға бейімделгенін атап өтті.
Қазақстан құрамасы бес қорғаушымен, қарсы шабуылға иек арта ойнады. Мамандар команда тактиканы ұстанып, қарқын мен тәртіпті сақтағанын мойындайды. Бірақ шешуші сәтте гол соғылмады.
Асхат Тағыбергеннің ұлттық құрамадан кетуіне қатысты да пікір айтқан Есмағамбетов:
«Әр ойыншы мансабын жоғары деңгейде аяқтағысы келеді. Асхат — капитан, көшбасшы болды. Ол ойнаған позиция жарқырап көрінуге мүмкіндік бермесе де, ол өз ісін мінсіз атқарды. Оған тек сәттілік тілеймін», - деді.
Қазақстан құрамасының болашағына қатысты маман былай деп жауап берді:
«Теория жүзінде мүмкіндік бар, бірақ бәрі сәтті жағдайларға тәуелді. Енді біз тек қарсыластарымыздың ұпай жинау жоспарына әсер ете аламыз», - деді ол.
Сарапшы топтағы фаворит ретінде Бельгияны атады. Екінші орын үшін Уэльс пен Солтүстік Македония бәсекелеседі. Ал Қазақстан құрамасының ендігі мақсаты – нақты матчтарда ұпай алып, топтағы жағдайға ықпал ету.