Махаббат Тағыбергеннің сөзінше, күйеуінің құрамамен қош айтысу туралы шешімі күтпеген жаңалық болған
Кеше ғана ұлттық құрамадағы карьерасын аяқтаған Асхат Тағыбергенге әйелі Махаббат Тағыберген қолдау білдірді.
Махаббат желіде жазба жариялап, жарының жеңістен кейін емес, жеңілістен кейін кеткенін батылдыққа балаған.
«Жеңістен кейін емес, жеңілістен соң кету туралы шешім қабылдау — бұл шынайылық, нағыз ерлік.
Күйеуім, Қазақстан құрамасының капитаны, жүрегімен сезіп, ойланып, осы шешімді өзі қабылдады. Ол рекорд қуған жоқ, «әдемі қоштасу» іздеген жоқ. Жүрек «болды!» дегенде, ол тыңдай білді», - деді футболшының жұбайы.
Махаббат Тағыбергеннің сөзінше, күйеуінің құрамамен қош айтысу туралы шешімі күтпеген жаңалық болған.
«Бүгінгі жаңалық тіпті мен үшін соққы болды. Бірақ онымен сөйлескен соң, мен оны түсіне бастадым. Жасырмаймын, кішкентай қыз секілді жыладым», – дейді футболшының әйелі.
Ол аяқдоп шеберінің соңына дейін күресіп баққанын, әр ойын сайын барын салғанын тілге тиек етті.
«Құрама біз үшін жай ғана команда емес, бұл – жанын беруге дайын нағыз кәсіби ойыншылар. Асхат соңғы сәтке дейін барын салды: жүрегімен, денесімен, жан-тәнімен. Бірақ кез келген мықты адамның да бір күні күші таусылады. Ол бұл шешімді сұлулық үшін емес, шындық үшін қабылдады. Себебі уақыты келді», - дейді ол.
Футболшының жұбайының сөзінше, қоштасу матчында оларды стадиондағы әдеттегі орындарына да отырғызбай, құрметсіздік танытты.
«Кешегі матчта көп нәрсе айтылмай-ақ түсінікті болды. Бізді – футболшының отбасын әдеттегі орындарымызда отырғызбады. «Болмайды! Рұқсат жоқ!» деген шешім қабылданыпты. Ойыннан соң Асхат бізді таба алмады. Біз оған жете алмадық. Мен тек оның қоңырауын күтіп отырдым – ішке кіріп, құшақтап, «сен – біздің капитансың» дегім келді. Бірақ бұған мүмкіндік болмады. Ұсақ-түйек пе? Мүмкін. Бірақ капитан үшін – оның жанында отбасысы жоқ болса, бұл – құрметсіздік!» - деп ренішін білдірді Махаббат.
Махаббат Тағыберген күйеуінің абыройлы шешім қабылдағанына дәр риза екенін де білдірді.
«Бүгін Асхат қоштасып жатыр. Иә, бұл жеңісті сәт емес. Бірақ бұл – абыройлы шешім. Шындықпен, намыспен қабылданған. Ол ешқашан марапат не атақ үшін ойнаған жоқ. Ол отбасы, команда, ел үшін ойнады және солай кетіп бара жатыр – жүрегі «жетеді» деген кезде», - деп қорытындылады сөзін.