Оқырманның махаббаты. Моншадағы кездесу. Қызқұмар футболистер – ЖБ оқиға

«Қайратпен» кездесу алдында «Селтиктің» әлеуеті қандай?

16.08.2025, 18:31

Максим Сенаторов «Кайратпен» өтетін ойын алдында «Селтиктің» қандай жағдайда екенін айтып берді

«Қайратпен» кездесу алдында «Селтиктің» әлеуеті қандай?
Коллаж offside.kz

«Селтик» Шотландияда сенімді қадам жасап келеді, алайда трансферлік өзгерістер мен Чемпиондар лигасы Роджерс үшін жаңа сынақтар туғызуда. «Қайратқа» қарсы матч алдындағы клубтың ішкі жағдайы туралы Offside.kz жариялаған сұхбаттан оқи аласыз.

Комментатор әрі «Старая Фирма» telegram-арнасының авторы Максим Сенаторов Offside.kz сайтына берген эксклюзивті сұхбатында Чемпиондар лигасы плей-офф кезеңінде «Кайратпен» өтетін ойын алдында «Селтиктің» қандай жағдайда екенін айтып берді.

Өткен маусымда «Селтиктің» Еуропадағы ойыны көпшіліктің көңілінен шықты. Брендан Роджерс командасы өте жоғары деңгейде өнер көрсетті.

«Өткен еуромаусымда Роджерске «өте жақсы» деген баға қоюға болады, кемінде «жақсы+» деуге болады», – дейді сарапшы.

Плей-оффқа шыға алған жоқ, бірақ көпшілік солай боларын білді де. Әсіресе Чемпиондар лигасындағы ойындары есте қалды.

«Команда әлдеқайда мығым, психологиялық тұрғыда төзімді болды, қарсыластың тактикалық қулықтарына алданып қалған жоқ», – дейді Сенаторов.

Дегенмен дортмундтық «Боруссиядан» 1:7 есебімен жеңілуі командаға ауыр соққаны рас.

Ішкі аламанда бәрі қалыпты: чемпионатта да, лига кубогында да лайықты бәсекелес табылмады. Шотландия кубогында ғана «Селтик» финалда «Абердинге» жол берді.

«Селтик» – өте тұрақты ұжым. Қаржы жағынан да, ойын мәнері жағынан да, бапкерлік құрам тұрғысынан да тұрақты», – дейді сарапшы.

Жазғы шығындар

Жазғы трансфер терезесінде команда бірнеше маңызды ойыншымен қоштасты. Николас-Геррит Кюнді «Комо» шамамен 20 миллион еуроға сатып алды.

«Ол өткен маусымды тамаша бастағанымен, қысқы үзілістен өз-өзін жоғалтып алғандай».

Ұжым Грег Тейлордан да айырылып қалды. Ол ПАОК-қа еркін агент ретінде ауысты.

«Роджерс Тейлордың қалғанын қатты қалап еді, себебі ол – нағыз күрескер, ойынға 150 пайыз берілетін футболшы».

Алайда қорғаушы жаңа сынақ түрін таңдап, Грекияға аттанды.

Қыста Кёго Фурухаси «Ренн» сапын толықтырды, оны француз клубы 10 миллион еуроға сатып алған. Бұл таңдау «Ренн» үшін сәтсіз болғанымен, «Селтик» жасы келіп қалған футболшының үстінен тәп-тәуір пайда көрді. Дегенмен «Селтиктің» соңғы жылдардағы басты сұрмергені осы ойыншы болатын. 

Жаңа ойыншылар 

Ең маңызды жаңалық – клуб түлегі Киран Тирнидің қайта оралуы. Ол «Арсеналдан» бос агент ретінде Глазгоға келді.

«Оны бұл ұжымда қатты күтті, жанкүйерлер жақсы көреді, қалай дегенмен осы клубтың тәрбиеленушісі ғой», – дейді Сенаторов.

Сөйте тұра алғашқы ойындарынан-ақ бұрынғы жарақаттары біраз кедергі келтіруі мүмкін екені көрінді, сондықтан Роджерске ойын жүктемесін дұрыс бөлуге тура келеді.

Сондай-ақ «Нордшелланд» клубынан 23 жастағы жартылай қорғаушы Бенджамин Нюгрен қатарға қосылды. Ол үшін клуб 1,5 млн еуро жұмсады.

Швециялық ойыншының аяқ алысы жақсы, қазірдің өзінде  былтыр рекордтық сомаға сатып алынған Арне Энгельсті ығыстыра бастағандай.

«Абердинге» қарсы матчта гол соққанын ескерсек, бейімделу процесі ойдағыдай жүріп жатқанын байқауға болады». «Селтик» сапын жапон футболшылары толықтырды: сол қаптал қорғаушысы Хаято Инамура мен шабуылшы Шин Ямада. Екеуі де алдағы уақытта көсіле шабады деген үміт бар.

Ойын мәнері 

Сарапшының сөзіне қарағанда, «Селтиктің» ойын құрылымы Анже Постекоглу кезеңінен бері айтарлықтай өзгерген жоқ.

Ұжым әлі де топты бақылауда ұстауға басымдық береді. Бірақ шабуыл шебінде жүретін ойыншылардың жоқтығы сезілуде. Адам Айда мен Джонни Кенни әзірге өз ойынын таба алмай жатыр, ал қазір Жота ауыр жарақатын емдеп жатыр және ұжымға қыста оралады деген болжам бар.
Шабуылдың сол қанатында өткен маусымның үздігі Дайдзэн Маэда ойнап жүр.

«Ол 90 минут тоқтамай жүгіре алады, қажет болса тағы 90 минут, тіпті одан да көп ойнап береді», – деп сипаттайды сарапшы.

Оң қапталға ардагер Джеймс Форрест жауапты. Ол клуб тарихындағы ең көп титул жеңіп алған футболшы. Алайда Роджерс шабуыл шебін күшейту қажет екенін айтып келеді.

Роджерстің болашағы

Брендан Роджерстің «Селтикпен» келісімшарты 2026 жылдың жазының соңына дейін есептелген. Қазір келісімді ұзарту мәселесі әлі шешілген жоқ.

«Ол бала кезінен «Селтиктің» жанкүйері әрі клубты қатты жақсы көреді. Бірақ өзге бапкер секілді оған да жаңа сынақтар қажет», – дейді сарапшы.

Әзірге клуб басшылығы сақ қимылдауға тырысуда. Себебі белді ойыншыларды сатып алу-алмауы ұжымның Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне өту-өтпеуіне байланысты.

Соған қарамастан, команда жаңа маусымда да тұрақты екенін аңғартты – екі жеңіс және қақпасына бірде-бір гол жібермеген.

«Селтик» әлі де Шотландиядағы басты фаворит. «Қайратқа» қарсы ойында да солай болады», – деп түйіндейді Сенаторов.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулану 0

Материалда:

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам