
Тағыберген «Астана» ойыншысы Иван Башичке қол көтергені үшін алаңнан қуылған еді
Қазақстан футбол федерациясының Контрольдік, тәртіптік және этикалық комитеті 23 қыркүйекте өткен отырысында бірқатар шешім қабылдады.
«Қайрат» – «Жеңіс» (8-тур)
Комитет «Қайрат» жанкүйерлерінің тәртіпсіздігіне байланысты шешім шығарды. Ойын барысында дауыс күшейткіш құрал (рупор) қолданылғаны үшін клуб ресми ескерту алды.
«Тобыл» – «Астана» (20-тур)
Ал басты назарда – Асхат Тағыбергеннің әрекеті. «Тобылдың» жартылай қорғаушысы 37-минутта қарсылас ойыншысы Иван Башичке қол көтергені үшін қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды. ҚФФ тәртіптік регламентінің 44-бабы бойынша ойыншы екі матчқа дисквалификацияланды. Шектеу 20 қыркүйектен бастап күшіне енді.
Бұл кездесудің нәтижесі де турнир кестесіне әсер етті. «Астана» 91-минутта жеңіс голын соғып, 2:3 есебімен басым түсті. Қазір елордалық клуб 50 ұпаймен көш басында, ал «Тобыл» 44 ұпаймен үшінші орында.
Ойыннан кейін футболшы өз әрекетін түсіндірді:
«Менің әрекетімде агрессия болған жоқ, бұл ашу еді. Чемпиондық үшін шешуші матч болатын. Қарсыласқа әдейі жарақат салған жоқпын. Бірақ командама зиян тигізгенімді түсінемін. Жігіттерден кешірім сұрадым, олар қолдау көрсетті. Алда маңызды матчтар бар, соңына дейін күресеміз», – деді Тағыберген.