«Бейбарыс» екі ресейлік хоккейшімен келісімшарт жасасты
Атыраудың «Бейбарыс» хоккей клубы құрамын екі ресейлік ойыншымен толықтырды. Команда қорғаушы Денис Ванин мен шабуылшы Андрей Крутенковпен келісімшартқа қол қойғанын ресми түрде жариялады.
32 жастағы Денис Ванин — Челябінің «Трактор» клубының түлегі. Қорғаушы Ресейдің Жоғары хоккей лигасында тәжірибе жинаған. Әр жылдары Пермьнің «Молот», Орскінің «Южный Урал», «Рязань-ВДВ», Кирово-Чепецкінің «Олимпия» және Воронеждің «Буран» командаларында ойнаған. Оның соңғы клубы да осы «Буран» болды.
2025/2026 жылғы маусымда Ванин Жоғары хоккей лигасының тұрақты чемпионатында 45 матч өткізіп, үш гол соғып, бес нәтижелі пас берген. Қорғаушының еншісінде барлығы сегіз ұпай бар.
Ал 20 жастағы Андрей Крутенков Челябі қаласында дүниеге келген. Шабуылшымен жасалған келісімшарт маусым соңына дейін есептелген. Өткен маусымда ол Жастар хоккей лигасында «АКМ-Новомосковск» және «Сахалинские Акулы» клубтарының намысын қорғады. Сахалиндік команда сапында тұрақты чемпионаттың 35 матчында 15 ұпай жинап, 10 гол соғып, бес нәтижелі пас берген.
Қазақстан чемпионатында «Бейбарыс» әзірге сегіз ұпаймен сегізінші орында келеді. Атыраулық клуб келесі кездесуін 12 қазанда сырт алаңда «Ақтөбеге» қарсы өткізеді.