Құрлықтық хоккей лигасының кезекті турында Астананың «Барысы» Мәскеуде жергілікті «Спартакпен» кездесіп, буллиттер сериясында жеңіске жетті.
Ойынның бірінші кезеңінде командалар мүлдем гол соға алған жоқ. Есесіне екінші периодта жанкүйерлер төрт бірдей шайбаға куә болды.
Есепті «Спартак» ашты. 28-минутта сан басымдығын сәтті пайдаланған мәскеулік клуб Шутов күзеткен қақпаның кілтін тапты, гол авторы – Даниил Гутик. Ал, араға небәрі үш минут салып Логан Дэй есепті теңестірсе, 35-минутта Әлихан Әсетов «Барысты» алға шығарды. Дегенмен, кезең аяқталар тұста айдында небәрі төрт ойыншымен қалған «Спартак» қонақтар қақпасына кезекті голын соғып, таразы басын теңестіріп кетті.
Үшінші кезеңде де бірінші болып мәскеуліктер гол соқты, бұл жолы Люк Локхарт қанжығасын майлады. Ал, матч аяқталуына небәрі 1,5 минут қалғанда «Барысты» жеңілістен Тайс Томпсон құтқарды.
Ойынның негізгі бөлігі 3:3 есебімен аяқталған соң командалар жеңімпазды экстра-таймда анықтамақ болған. Алайда, екі тараптан да ешкім гол соға алған жоқ. Ал, буллиттер сериясында «Барыстың» мерейі үстем болды. «Спартак» төрт мүмкіндіктің бірде бірін пайдалана алмаса, астаналық клубтан Гарретт Пилон жеңіс шайбасын соғып кетті.
Еске салайық, бұған дейінгі матчта «Барыс» сырт айдында «Нефтехимикпен» кездесіп, 4:4 есебімен тең ойнаған еді. Ол кезде астаналықтар овертаймда матч тағдырын шешті.
Келесі матч 10 қазанда Астанада өтеді. Бұл жолы Михаил Кравец шәкірттері «Авангардты» қабылдайды.