20 қарашада «Барыс» омбылық «Авангардқа» қонаққа барады
Құрлықтық хоккей лигасының кезекті турында Астананың «Барысы» сырт айдында уфалық «Салават Юлаевпен» кездесіп, 3:5 есебімен жеңіліп қалды.
Матчтағы есеп небәрі 49-секундта ашылды. Уфалық команда сапынан Шипачев дәл соққысымен көзге түсті. Ал, 5-минутта Броссо есепті еселеді. Кезең аяқталуға жақындағанда «Барыс» сапынан Ансар Шайхмедденов гол соғып, есепті қысқартқан. Алайда, «Салават Юлаев» ойыншысы Алалыкин Шутов күзеткен қақпаға үшінші шайбаны дарытып, үзіліске дейін 3:1 есебін тіркеді.
Екінші кезеңде қос команда да гол соға алған жоқ. Есесіне, төреші «Барыстың» төрт ойыншысын бірінен соң бірін айдыннан қуып, астаналық клубтың еркін ойнауына мүмкіндік бермеді.
Үшінші кезеңде уфалық хоккейшілер бір ойыншы кем ойнап гол соқты. Осыдан кейін «Барыс» есін жиып, Бейли мен Морелли бір-бір шайбамен қанжығасын майлаған. Дегенмен, есепті теңестіруге астаналықтардың шамасы жетпеді. Есесіне, матч бітуге бір секунд қалғанда Горшков бос қақпаға гол соғып, 5:3 есебін тіркеді.
20 қарашада «Барыс» омбылық «Авангардқа» қонаққа барады.