Ағылшын футболының алыбы Чемпионшипке түсіп қалуы мүмкін бе?
ҚХЛ-дың ресми сайты Нижнекамскінің «Нефтехимик» және Астананың «Барыс» командалары арасындағы тұрақты чемпионат аясында өтетін матчқа шағын шолу жасады.
«Нефтехимик» өз айдынында қатарынан үш матч өткізсе, «Барыс» сырт айдындағы үш кездесудің екіншісін өткізеді. Биылғы маусымда қарсыластар бір-бірден жеңіске жеткен (6:3 және 4:5, овертаймда).
Михаил Кравецтің шәкірттері Нижнекамскіге «Северсталь» (2:1) және СКА (7:4) командаларын жеңгеннен кейін аттанды. Осы жеңістердің арқасында астаналықтар Шығыс конференциясындағы плей-офф аймағындағы орнын сақтап қалды. 33 ұпай жинаған «Барыс» қосымша көрсеткіштер бойынша «Салават Юлаев» пен «Ак Барстан» озып, жетінші орында тұр.
«Нефтехимик» 37 ұпаймен үшінші орынға жайғасқан. Игорь Гришиннің шәкірттері соңғы бес кездесудің үшеуінде жеңіліске ұшырады. Олар соңғы рет сырт айдында «Сочи» хоккей клубын овертаймда 5:4 есебімен жеңіп, өз қаласына оралды. Алдағы кездесудің қорытындысы бойынша екі команданың қайсысы маусымдық текетіресте алға шығады?
«Нефтехимиктің» шабуылшысы Андрей Белозёров қатарынан төрт матчта ұпай жинап келеді (2+4). Нижнекамскілік шабуылшы Дамир Жафяров пен қорғаушы Максим Федотов қатарынан үш кездесуде нәтижелі ойын көрсеткен (екеуінде де 1+3). Белозёров пен Жафяров – «қасқырлардың» биылғы тұрақты чемпионаттағы үздік бомбардирлері (тиісінше 10+17 және 9+11).
«Барыс» сапында шабуылшы Джастин Бэйли (2+1) мен қорғаушы Чейз Приски (0+3) қатарынан үш матчта ұпай жинап келеді. Бэйли биылғы тұрақты чемпионаттағы команданың үздік бомбардирі әрі мергені мәртебесін сақтап отыр (19+12).
ҚХЛ тарихында «Нефтехимик» «Барысты» 23 рет жеңген. Ал астаналықтар Нижнекамск клубымен өткен 25 кездесуде жеңіске жеткен, – деп жазады лиганың ресми сайты.
«Нефтехимик» – «Барыс» матчының тікелей трансляциясы Қазақстан уақытымен сағат 16:00-де басталады. Кездесуді «Qazsport» телеарнасынан тамашалауға болады.