«Челси» қазақстандық футболшыға жаңа клуб іздеуге кірісе ме?
Жастар арасындағы әлем чемпионаты мен олимпиададағы нәтиже қазақ боксының болашағы жайлы алаңдауға себеп болды
Жастар құрамасы әу бастан Қазақстан боксында негізгі (ересектер) құрамның іргетасы болды. База мықты болса — жарқын болашақ. Осы сабақтастық кешеге дейін өте сәтті жалғасып келді. Сөзіміз дәлелді болу үшін соңғы бірнеше циклға тоқталайық.
Төрехан Сабырхан. Жастар арасындағы әлем чемпионы (2024, Будва) және турнирдің үздік боксшысы; Азияның 4 дүркін чемпионы.
Көп ұзамай Төрехан Сабырхан ересектер құрамына өтіп, 19 жас 7 айында қазақ боксы тарихындағы ең жас әлем чемпионы рекордын жаңартты.
Санжар Тәшкенбай. Жастар арасындағы әлем және Азия чемпионы (2021, Кельце).
Ересектер құрамасына тез бейімделіп, 19 жасында алғашқы алтын жүлдесін алды. Серік Сәпиевтен кейін (18 жыл өткен соң) ерлер арасында екі дүркін әлем чемпионы атанды.
Махмұд Сабырхан. Жасөспірімдер мен жастар арасында Азияның үш дүркін чемпионы.
2021 жылы 20 жасында Белградта күміс жүлде алып, кейінгі екі әлем чемпионатында қатарынан топ жарды.
Айбек Оралбай. Жастар арасындағы Олимпиада чемпионы (2018), жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері (2018). Қазір ұлттық құрама капитаны. Ауыр салмақта әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақстандық.
Нұрбек Оралбай. Жастар арасындағы әлем чемпионы (2018, Будапешт).
2023 жылы ересектер арасында әлем чемпионы атанып, 2024 жылы Париж олимпиадасының күміс жүлдегері болды.
Бұл тізімді осылай жалғастыра беруге болады. Бірақ кейінгі жастар құрамынан жарқ еткен жұлдыз, әлемдік додада топ жарған талант болмай тұр. Міне, осы тұста Бақыт Сәрсекбаев баптайтын U-19 жастар құрамасына сұрақ туындайды. Тізгінді ұстатты, оқу-жаттығу жиынына жағдай жасалды, талап қойылды. Бірақ нәтиже жоқ.
Бақыт Сәрсекбаев баптайтын Қазақстан жастар құрамасы 2026 жылдың екі басты турнирін алтын медальсыз аяқтады. Жастар арасындағы әлем чемпионаты мен олимпиададағы нәтиже бапкерлік штабтың тиімді жұмысы мен қазақ боксының болашағы жайлы алаңдауға себеп болды.
Бейжің олимпиадасының чемпионы, Олимп төрінде ең “сұлу” боксымен мәшһүр болған Бақыт Сәрсекбаев бас бапкер қызметіне өзі сұранып келді. Ұлттық құрама жұмысын үнемі сынады. Боксшылардың физикасын, соққы комбинациясын, сериялы соққыларын күшейтуді айтып, ашық мінеді. Токио (2021) мен Париж (2024) олимпиадалары Бақыт Сәрсекбаевты Қазақстандағы нөмір бірінші "сыншы" етіп, баспасөз біткен оның әр сөзін жарыса жазды. Қоғамда "Бақыт ағамызды бас бапкер ету қажет. Ұлттық құрамаға Сәрсекбаев сияқты жанашыр азаматтар келуі керек" деген пікір оқтын-оқтын айтыла бастады. Алайда, бокс "сыншысы" ретінде алдына жан салмаған Сәрсекбаев бас бапкер ретінде жастар құрамасын ілгерілете алмай отыр.
2026 қаңтарында Бақыт Сәрсекбаев U-19 жастар құрамасының бас бапкері болды. Көпшілік Қазақстан бокс федерациясының бұл шешімін ерекше қуанышпен қабылдап, жаңалықты сүйіншілеп бөлісті. Жастардың физикасы оңалатынына сеніп, шаршы алаңдағы сериялы соққысымен елдің көзайымына айналатын жас таланттардың жарқын болашағы жайлы сөз қозғала бастады. Бірақ бүгін жылды қорытындылап жатырмыз. Өзгерген ештеңе жоқ, нәтиже тұрғысынан қазақ боксы кері кеткендей әсер.
World Boxing аясында 2026 жылдың қазан айында Будвада 19 жасқа дейінгі боксшылар арасында әлем чемпионаты өтті. Қазақстан жастар құрамасы бұл турнирге барлық 10 салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Жарыс қорытындысы бойынша ұлттық құрама боксшылары бас-аяғы төрт медаль еншіледі:
Бибарыс Әшірбай — күміс;
Владислав Саможонов — күміс;
Данияр Ақбисенов — қола;
Еркетан Жарқынбек — қола.
Нәтижесінде, ерлер құрамасы жарысты алтын медальсыз аяқтап, жалпы командалық есепте 8-орын алды. Ал, көрші Өзбекстан құрамасы үш бірдей алтын медаль еншілеп көш бастады.
Қазақстан қоржынына алтын медаль салған жалғыз боксшы — әйелдер құрамасының өкілі Зарина Толыбай.
Бокс — Қазақстандағы нөмір бірінші спорт. Командалық есепте 8-орын алуымыз қабылдауға ауыр, келісуге қиын нәтиже.
Будвадағы сәтсіздікке лайықты жауап беру үшін Бақыт Сәрсекбаевта тағы бір зор мүмкіндік болды. 2026 жылдың қарашасында Дакарда өткен жастар олимпиадасы. Бірақ бұл сында да жастар құрамасы бокс жанкүйерлерін қуанта алмады. Бір ғана медаль: 70 келіге дейінгі салмақта финалған жеткен Бибарыс Әшірбай ақтық сында британдық Майкл Моэннер 4-1 есебімен жеңілді.
Осылайша, жастар құрамасы жылдың екі бірдей ірі турнирін алтын медальсыз аяқтады. Үміт еткен спортшылар жауапты сәтте сүрініп, Бибарыс Әшірбайдан басқасының (екі финал) қарымына күмәнмен қарай бастадық.
Кім жауапты? Әрине, бапкерлік штаб! Тыңғылықты дайындық, дұрыс тактика, шешуші сәтте психологиялық жүріс үшін бапкер жауапты. Таланты мен қарымы үшін құрамаға енген жастардың төккен тері мен үкілеген үмітін ұлы жеңіспен ұштастыратын — бас бапкер.
Соңғы он жылдықта Өзбекстан бокс құрамасының ешкімге дес бермей келе жатыр. Көршілерде бұл оң үрдіс тек ересектер арасында емес, жастар арасында да қарқынды жүріп жатыр.
2025 жылы Бангкоктағы Азия чемпионатында Қазақстан жастары үш алтын, екі күміс еншілесе, Өзбекстан құрамасы 6 алтын медальмен алдымызды орады.
2026 шілдесінде Джакартадағы Азия чемпионатында (U-19) Қазақстан құрамасы 2 алтын жүлде иеленді. Ең өкініштісі, қазақ-өзбек жастары арасында 4 салмақ дәрежесінде финал өтіп, оның үшеуінде көршілер басым түсті. Өзбек боксының басымдығы тек ересектер арасында емес, жастар категориясында да анық байқалып отыр.
Қазіргі нәтижеге қарап отырып, Мақсат Бақтыбазаровтың тұсында Қазақстан жастары көш ілгері болғанын көруге болады. 2024 жылы жастар арасындағы әлем біріншілігі де Будва қаласында өтті. Әрине, жарысты ол кезде ІВА ұйымдастырғанымен, қазақстандық боксшылар 4 алтын, 4 қоламен олжалы қайтты. Ерлер құрамасы командалық есепте бірінші орын алып, Бексұлтан Боранбек, Төрехан Сабырхан, Өнер Сейілхан және Санжаралы Бегалиев сынды жаңа толқын пайда болғанына көз жеткіздік.
Дәл сол 2024 жылы World Boxing ұйымдастыруымен америкалық Пуэбла қаласында өткен әлем чемпионатына қазақстандық төрт боксшы аттанып, олардың екеуі күміспен оралды.
Кешегі һәм бүгінгі Будваның арасы жер мен көктей. Нәтижесін айтып отырмыз, екі біріншілік арасындағы гандикап орасан.
Боксқа сын айтылады: кейде орынды, кейде орынсыз. Бақыт Сәрсекбаев та бас бапкер болмай тұрып ұлттық құрама нәтижесін ең көп сынаған адам. Сол үшін олимпиада чемпионы бас бапкер міндетіне кіріскенде көпшілік одан көп дүние күтті. Басты критерий — нәтиже.
Бақыт Сәрсекбаев екі бірдей турнирдегі сәтсіздіктің себебін ауыр салмақ дәрежесінде ел біріншілігінде бәсекенің аздығымен түсіндірді. Жеңіл салмақтағы категорияларда іріктеу сындарында 50-ге жуық қатысушы (бір салмақта) тіркелсе, 85 және 90 келіге дейін салмақта бәсеке анағұрлым аз болған. Бұл жерде бас бапкер тарапынан ақталу басым. Әуесқой бокста үнемі осылай болып келген. Жеңіл салмақта бәсеке қашан да жоғары, ал ауыр салмақта мықты боксшы, әсіресе жастар арасынан жиі шығуы өте сирек.
Одан бөлек, Дакарда өткен Жасөспірімде олимпиадасынан кейін қазақстандық боксшылар осал нәтиже үшін жиі сынға ұшырайтынын, ал Өзбекстанда мұндай жағдайда спортшыларға көбірек қолдау көрсетілетінін айтты. Тағы да ақталу. Екі түрлі позиция. “Сыншы” Сәрсекбаев пен бапкер Бақыттың сөзінің арасындағы алшақтық басым.
Ұлттық құрамада көңіл-күй мәз емес. Боксшылардың физикалық дайындығы да жоғары емес. Түптеп келгенде, басты мақсат медаль ғана емес, ұлттық құраманың болашағы үшін мықты резерв пен әр салмақта бәсекелестік қалыптастыру. Өкінішке қарай, Бақыт Сәрсекбаев бұл үдеден шыға алмады.