Ол сондай-ақ, ҰОК-ның вице-президенті
Қазақстанның экс-премьер-министрі, Қазақстан шайбалы хоккей федерациясының президенті Асқар Мамин араға 2 жылдан астам уақыт салып Ақордаға кірді. Өйткені мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей хоккей федерациясының президенті Владислав Третьякты қабылдаған. Онымен бірге Асқар Мамин де отырды.
Кездесуде ТМД елдерінде хоккейді дамыту мәселелері талқыланды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жылдары Қазақстанда хоккей спортының ауқымы айтарлықтай кеңейгенін атап өтті. Мемлекет басшысының пікірінше, елордалық «Барыс» клубы бастаған отандық командалардың ҚХЛ чемпионатына және басқа да турнирлерге қатысуы, сондай-ақ ұлттық құраманың әлемдік біріншіліктерде табысты өнер көрсетуі аталған спорт түрін кеңінен дәріптеуге оң ықпал етеді. Атап айтқанда, Қазақстанда хоккей мектептері мен жастар командалары көбейіп, түрлі деңгейдегі жарыстар белсенді ұйымдастырыла бастады.
Еске салайық, Асқар Мамин 2019 жылдан 2022 жылдың 5 қаңтарына дейін премьер-министр болған. «Қаңтар» оқиғасынан кейін қызметінен кеткен.
Ол еліміздегі спорт саласында басшылық қызметте. Қазақстан шайбалы хоккей федерациясының президенті, «Барыс» хоккей клубы қамқоршылар кеңесінің төрағасы. Сонымен қатар Ұлттық Олимпиада комитетінің вице-президенті.