
Валерий Орехов жарақатына байланысты бірнеше ойынға қатыса алмаған болатын
Құрлықтық хоккей лигасының кезекті туры аясында «Металлург» (Магнитогорск) өз айдынында қытайлық «Куньлунь» клубын қабылдап, 7:1 есебімен ойсырата жеңді.
«Металлургтың» соңғы жетінші шайбасын қазақстандық хоккейші Валерий Орехов соқты. Алайда, мұнан кейін ол бірден қолындағы таяғын тастап, қарсылас команданың ойыншысы Остин Вонмен төбелесуге кірісіп кетті. Өйткені, гол соғылар алдында Вон Ореховқа қарсы ойын ережесін өрескел бұзған еді және сол үшін сазайын тартты деуге болады.
Айта кетейік, Валерий Орехов – Қазақстан құрамасының ойыншысы. Ол жарақатына байланысты біраз уақыт демалып, мұз айдынына енді ғана оралды. Биылғы маусымда Орехов 10 шайба ғана соққан. Өзінің ең үздік маусымында отандасымыз 61 матч өткізіп, 26 ұпай (10+16) еншілеген.