Антикор «Барыстың» бұрынғы басшылығын тергеп жатыр

20.06.2025, 14:19

Бұған дейін клубты Нұрлан Оразбаев басқарған 

Антикор «Барыстың» бұрынғы басшылығын тергеп жатыр
ХК "Барыс"

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Барыс» хоккей клубының бұрынғы басшылығына қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр. 

«Қарағанды облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану фактісі бойынша «Барыс» хоккей клубының бұрынғы басшылығы мен басқа да тұлғаларға қатысты ауыр салдарға әкеп соққан қылмыстық істі тергеп жатыр. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды», – делінген Антикор ақпаратында.

Бұған дейін клубты Нұрлан Оразбаев басқарған болатын. Ол бұл қызметке 2024 жылдың қазан айында тағайындалып, биыл сәуірге дейін қызмет атқарды.

56 жастағы маман лауазымға келгеннен кейін алғашқы шешімдерінің бірі ретінде Солтүстік Америкадан шақыртылған барлық легионерлермен келісімшартты бұзды. Бұл үшін клуб жүздеген миллион теңге көлемінде өтемақы төлеуге мәжбүр болды.

2025 жылдың қаңтар айында Оразбаев «Барыстың» жасөспірімдер командалары Ресей чемпионатының маусымын жалғастырмайтынын мәлімдеді. Алайда кейінірек Туризм және спорт министрлігінің араласуымен бұл шешім қайта қаралып, командалар маусымды толық аяқтап, келесі жылы да чемпионатқа қатысатын болды.

Shaiba.kz порталының хабарлауынша, дәл осы жасөспірімдер құрамасына қатысты жағдай Нұрлан Оразбаевтың қызметінен кетуіне түрткі болған.

Еске салайық, 2024/2025 жылғы маусымда «Барыс» Континенттік хоккей лигасының Шығыс конференциясында соңғы 12-орынға тұрақтап, 68 матчта бар болғаны 35 ұпай жинады. Бұл көрсеткіш клуб тарихындағы ең төмен нәтиже саналады.

Қазіргі таңда клубтың жаңа бас директоры болып Сәкен Мұсайбеков тағайындалды. Ол — Қазақстан шайбалы хоккей федерациясының бас директоры әрі қысқы олимпиадалық спорт түрлері бойынша вице-президент. 

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулану 0

Материалда:

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам