Ол Рахмоновтың осал тұстар көрсеткенін айтты.
UFC-де жартылай орта салмақ өкілі ирландиялық Иэн Гэрри дивизиондағы чемпиондық айқасқа қатысты өз ұстанымын білдіріп, 2024 жылдың желтоқсанында қазақстандық Шавкат Рахмоновпен өткен жекпе-жегіне де арнайы тоқталды.
Гэрри Шавкаттан ресми түрде жеңілгенімен, сол айқаста «Номадтың» әлсіз тұстарын анық көрсете алғанын айтады.
«Бұған дейін жартылай орта салмақтың басты қорқынышы саналған Рахмоновтың да осал жақтары бар екенін дәлелдедім», - дейді ирландиялық файтер.
Ол чемпиондық белбеу үшін Камару Усман емес, өзі айқасуға лайық екенін алға тартты.
«Біздің ойымызша, бұл жерде әңгіме қысқа болуы керек. Екі адам арасында ғана таңдау жасалады: Шавкат немесе Иэн. Иә, Шавкат Иэнге қарсы іріктеу жекпе-жегінде жеңіске жетіп, өз орнын лайықты түрде алды. Бірақ кейін ол жекпе-жекке шыға алмай қалған кезде, бұл мүмкіндік Иэнге берілуі керек еді. Мұнда ешқандай саясат жоқ - тек логика.
Ұзақ үзіліс Шавкаттың қарқынын бәсеңдетті: оның рейтингтегі қарсыластарына қарсы небәрі төрт жеңісі бар, ал Иэнде - алтау. Оның үстіне Иэн жуырда бұрынғы чемпион Белал Мухаммадты жеңді, ал Шавкат бұл уақытта люкс санатындағы жол талғамайтын көліктерді жарнамалап жүрген.
Шавкаттың ақылы болса, сәл күтіп, Иэнге белбеуді алуға мүмкіндік беруі керек. Себебі Иэн чемпион атанған сәтте оның алғашқы қарсыласы дәл осы Шавкат Рахмоновтың өзі болады», - делінген Гэрридің ресми сайтындағы мәлімдемеде.
Еске салайық, Шавкат Рахмонов пен Иэн Гэрри арасындағы жекпе-жекте төрешілер жеңісті қазақстандық спортшыға берді. Алайда айқастан кейін Шавкат жарақат алып, ұзақ уақытқа қатардан шығып қалды. Соның салдарынан ол 2025 жылы октагонға шықпай, оңалту кезеңінен өтті.