Ол спортшыға аяушылық білдірді.
UFC-дің жартылай орта салмақтағы бұрынғы чемпионы, нигериялық файтер Камару Усман қазақстандық спортшы Шавкат Рахмоновтың жарақатына қатысты пікір білдірді.
Усман Шавкаттың жағдайына алаңдайтынын жеткізіп, денсаулыққа ерекше көңіл бөлу керегін атап өтті.
«Мұндай дүниелерді толық бақылау мүмкін емес. Кәсіби спортшы үшін ең маңыздысы – денсаулық. Себебі біз октагонда төбелесу арқылы күн көреміз. Өкінішке қарай, Шавкаттың жағдайы басқаша өрбіп жатыр. Ол қайта-қайта жарақат алып қалып жатыр, өте аянышты жағдай. Мен оның орнында «Жаттығу залын ауыстырып, дайындықты басқаша ұйымдастырайық» деуші едім. Егер оның әлі де жекпе-жекке шығатын мақсаты болса, онда денсаулыққа басымдық беруі қажет. Қазір оның жағдайы қиын, демек бір нәрсені өзгерту керек», – деді Камару Усман.
Естеріңізде болса, UFC-де өнер көрсететін қазақстандық файтер Шавкат Рахмонов жақында ғана Алматыда өткен MMA Naiza 80 турниріне арнайы қонақ ретінде қатысқан болатын. Алайда сол кеште отандасымыздың балдақпен жүрген видеосы тарады.
Белгілі болғандай, Шавкат соңғы екі жекпе-жегіне де жарақатпен шыққан. Тіпті Стивен Томпсонмен айқасқа бір ай қалғанда аяғына гипс салдырғаны да белгілі. Ал 2025 жылдың мамыр айында ол Австрияда операция жасатып, кейін тағы да дәрігер көмегіне жүгінуге мәжбүр болды.
Осы жағдайдан кейін Шавкат Рахмонов UFC рейтингінен шығып қалды.
Айта кетейік, қазақстандық спортшы октагонға соңғы рет 2024 жылдың желтоқсанында шыққан. Сол кезде ол бес раундқа созылған жекпе-жекте ирландиялық Иэн Гэрриді төрешілердің ортақ шешімімен жеңді.