Маман Рахмоновтың чемпион атанатынына сенімді.
Қазақтан шыққан тұңғыш ММА чемпионы, бүгінде тәжірибелі бапкер Дәнеш Дүнгенбаев UFC-дегі отандық спортшы Шавкат Рахмоновтың жағдайына қатысты пікір білдірді.
Маман жарақатына байланысты рейтингтен шығып қалған Рахмоновтың міндетті түрде мықты болып оралатынына сенімді.
«Қазақта «Бақ шаба ма, бап шаба ма» деген сөз бар. Шавкатты да, Асуды да жақсы білемін, өте еңбекқор жігіттер. Екеуінің де чемпиондық атаққа қол жеткізуге мүмкіндігі жетеді. Өкінішке қарай, сәттілік жолдас болмай тұр. Әйтпесе Шавкат белбеуге таласамын деп тұрғанда бірде Белал Мухаммад, бірде өзі шыға алмай қалды. Жарақаты асқынып кетті. Рейтингтен де шығып қалды. Бірақ Шавкаттың өз орнын қайтаруға әлі де мүмкіндігі бар. Бір-екі жекпе-жек өткізіп, жеңіске жетсе, басты мақсатына қол жеткізе алады», – дейді маман.
Тәжірибелі бапкер қолын сындырып алған Асу Алмабаевқа да қолдау білдірді.
«Асу да жақсы келе жатқан. Тыңғылықты жаттығу жасап жүрген жігіт. Оқу-жаттығу жиындарының бірінде жарақат алып қалды. Сәтсіз жағдай Асуды да айналып өтпеді. Негізі спортта жарақаттың қатар жүретіні белгілі. Қанша жерден сақтансаң да, осындай келеңсіз жағдайлар болып тұрады», – деді ол.
Бұған дейін UFC-дің жартылай орта салмақтағы бұрынғы чемпионы, нигериялық файтер Камару Усман Рахмоновқа зал ауыстыруға кеңес берген еді. Дәнеш Дүнгенбаев бұл жайтқа қатысты да ойын ортаға салды.
«Мың адам мың түрлі пікір айтады. Шавкат онсыз да тек бір жерде жаттықпайды. Жекпе-жек уақыты анықталған соң, бірнеше ай қалғанда АҚШ-қа, Дағыстанға немесе Таиландқа барып даярлық жұмыстарын пысықтайды. Мәселе залда деп ойламаймын. Оның жанында Эдуард Базров секілді көптеген маман жүр. Олар да бар білгенін үйретеді. Бапкері де бір деңгейде тұрған жоқ, ол да жарыс сайын шыңдалып, тәжірибе жинақтап жатыр», – дейді ол.
Ал «Шавкат дивизиондағы қазіргі чемпион Ислам Махачевпен кездесуі мүмкін бе?» деген сауалға бапкер былай деп жауап берді:
«Дәл қазіргі жағдайды алатын болсақ, екеуі кездеседі деп ойламаймын. Себебі әзірге екеуі екі деңгейде: Шавкат рейтингтен шығып алса, Ислам бірінші орында тұр. Әрі дағыстандық спортшының екі салмақта чемпион атанғаны бар. Сондықтан Шавкат чемпиондыққа таласамын дегенше Махачев карьерасын аяқтауы да мүмкін. Исламның өзі «Шавкатты орнына қоямын, кім мықты екенін анықтауымыз керек» деп ынта танытпаса, дәл қазір Махачевке Рахмонов қызық емес деп ойлаймын».