Ол ұйымдағы үш кездесуінің біреуінде ғана жеңіске жеткен.
Жеңіл салмақта өнер көрсететін қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Бекзат Алмаханның UFC-де қалуға әлі де мүмкіндігі бар. Бірақ ол үшін келесі кездесуінде сенімді түрде жеңіске жетуі керек. Себебі жерлесіміз бұған дейінгі үш айқасының біреуін ғана өз пайдасына шешкен. Ал спортшының бапкері Дәнеш Дүнгенбаев Бекзат айқасын мамыр айында өткізуі мүмкін екенін алға тартты.
«Бекзат соңғы айқасында да ұтылып қалды. Қарсыласы тәжірибелі еді, бірақ ұйым ұсынып тұрған соң, біз одан бас тарта алмадық. Бірақ Алмаханның ұйымда қалуға әлі де мүмкіндігі бар. Егер соңғы жекпе-жегін жоғары деңгейде өткізіп, жеңіске жетсе, келісімшартты соза алады», – деді ол.
Маманнан шәкіртінің алдағы кездесуі қашан өтететінін де сұрадық.
«Менеджер Саят Әбдірахмановқа мамыр айында дайын болатынымызды айтып қойдық. Қазір тыңғылықты жаттығу процесі өтіп жатыр. Екі-үш залымыз бар, сонда даярлық жасап жатыр, өзім тікелей қадағалап отырамын. Ораза айы келіп қалды. Рамазаннан кейін бабымызға келіп, мамыр айында жекпе-жек өткіземіз деп өтініш бердік.
Әзірге қарсыласының кім болатыны белгісіз. Жақын уақытта айтады деп ойлаймын. Бұған дейін үш кездесу өткіздік. Ұйым кімді ұсынса, соған келістік, артық сөз айтқан емеспіз. Сондықтан UFC тарапынан ұсыныс күтеміз», – деді бапкер.
Маман шәкірттерінің сәтсіздігіне де тоқталды.
«UFC Азат Мақсұмға төрт жекпе-жекке келісімшарт ұсынды, өкінішке қарай, Азат соңғы айқастарында ұтылып, ұйым сапынан шығып қалды. Енді бәрі өзіне байланысты. Жақсылап дайындалып, өзін дәлелдесе, ұйымға оралуға мүмкіндігі бар.
Ал Бекзатқа келсек, біз өздері берген спортшымен төбелесуге келістік. Мақсат ұйымға кіру ғана болған. Алғашқы қарсылас Умар Нурмагомедов болғанын білесіздер. Негізі жеңетінімізге сенімді болған жоқпыз. Себебі дайындық пен тәжірибе аздау екенін білдік. Умардан соң АҚШ-қа барып жаттығу жасады, мықтылармен спаррингтер өткізді. Соның арқасында қателіктерімізді көрдік, солармен жұмыс істеп жатырмыз», – дейді маман.