Ол өз өмірінде ақшаның бірінші орында емес екенін түсіндірді
UFC-дің экс-чемпионы, мансабында мүлдем жеңілмеген ресейлік файтер Хабиб Нурмагомедов үлкен спортқа оралу ұсынысынан бас тартты. Оны тіпті, 200 миллион доллардың гонорары да қызықтырмаған.
Америкалық блогер әрі боксшы Джейк Пол Хабибпен жеке сөйлесіп, оның октагонға қайта оралуын өтініпті. Жекпе-жекке келіссе аса ірі көлемде гонорар төленетінін де айтқан. Алайда, Хабиб бұған дейін қабылдаған шешімін ақша өзгерте алмайтынын анық түсіндірген.
«Мен не үшін қайта оралуым керек? Енді дәлелдейтін ешнәрсе жоқ, бәрін дәлелдеп қойғанмын. Қарсылас жоқ, тек ақша бар. Бұл мен үшін мотивация емес», - деді Дағыстан тумасы. Оның мәлімдемесі X әлеуметтік желісіндегі Championship Rounds парақшасында жарияланған.
Еске салайық, Хабиб Нурмагомедов UFC-дегі соңғы жекпе-жегін америкалық Джастин Гэтжмге қарсы өткізіп, оны екінші раундта қылқындыру әдісімен жеңген болатын. Осы жекпе-жектен кейін Хабиб спортпен қоштасатынын мәлімдеді.
Аралас жекпе-жекте Нурмагомедов барлығы 29 кездесу өткізіп, соның бәрінде жеңіске жеткен.