Жалғас Жұмағұлов 2020-2023 жылдары UFC-де өнер көрсетті
Қазақстандық файтер Жалғас Жұмағұлов әлеуметтік желіде жазба жариялап, өзіне кезінде күмәнмен қарағандарға жауап қатты.
Ол Дохадағы UFC турнирінен кейін Instagram парақшасындағы сторисінде ММА-дегі деңгей мен спортшының еңбегі туралы ойын бөлісті.
«ММА-де әркімнің өз деңгейі бар. Мен үнемі жекпе-жекке шығып, ешқашан шегінген емеспін. Енді көпшілік менің деңгейімді түсінді деп ойлаймын. Ешкімді бөліп-жармаймын, ешкімді келемеждемеймін, ешкімге жамандық тілемеймін. Бірақ кезінде қаншама адам мені сынап, бағаламай, мансабымды мерзімінен бұрын аяқталды деп санады. Мұның бәрі есімде. Әркімнің өз жолы, өз күресі, өз деңгейі бар. Мен тек өз жолыммен жүріп келемін», – деп жазды файтер.
Айта кетейік, Жалғас Жұмағұлов 2020-2023 жылдары UFC-де өнер көрсетті. Бұл ұйымдағы алты жекпе-жегінің біреуінде жеңіске жетіп, бесеуінде жеңілген. Оның бірнеше кездесуі төрешілердің даулы шешімімен аяқталған.