«Челси» қазақстандық футболшыға жаңа клуб іздеуге кірісе ме?
Отандасымыз ресейлік Дмитрий Бикревпен қолғап түйістірді
Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Әділ Боранбаев Ресей астанасында өткен Fight Nights 145 турнирінде күтпеген нәтиже тіркеді.
Отандасымыз жартылай орта салмақ дәрежесінде осы лиганың бұрынғы чемпионы, ресейлік Дмитрий Бикревпен қолғап түйістірді.
Кездесу басталар алдында мамандар мен жанкүйерлердің басым бөлігі жеңісті алаң иесіне беріп, Бикревті айқын фаворит санаған еді. Алайда үш раундқа созылған тартысты бәсекеде Alash Pride лигасының экс-чемпионы Боранбаев жоғары шеберлік танытып, төрешілердің бірауызды шешімімен басым түсті.
Жекпе-жек барысында ереже бұзғаны үшін рефери бірінші раундта қазақстандық спортшыдан, ал шешуші үшінші кезеңде ресейлік файтерден бір-бір ұпайдан шегерді.
Айта кетейік, Әділ Боранбаев бұл турнирге жарақат алып қатардан шыққан Артур Прониннің орнына шақырылған болатын. Соған қарамастан, жерлесіміз тыңғылықты дайындығын көрсетіп, кәсіпқой мансабындағы 24-жеңісіне қол жеткізді (13 жеңіліс, 1 тең ойын). Ал Дмитрий Бикрев мансабындағы бесінші сәтсіздігіне ұшырады.