Ол келесі кездесуінде Белал Мухаммадпен төбелесуі мүмкін
Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмонов ирландиялық Иэн Гэрриді төрешілер шешімімен жеңді.
Бес раундқа жоспарланған жекпе-жек соңына дейін болды. Алғашқы үш раундта файтерлер негізінен аяқта жүріп, Шавкаттың қолмен де, аяқпен де жасаған соққылары Гэрриге дәл тиіп жатты. Десе де, ирландиялық спортшы «қазақ жауынгерінің» күрес тәсілдеріне жақсы дайындықпен келгенін көрсетті.
Тек төртінші раундта Рахмонов қарсыласын партерге жатқызып, соққыларын жаударған. Десе де, бұл раундта да Гэрри төзімділігінің арқасында бес минут толық шыдап берді.
Ал, нағыз күтпеген жағдай бесінші раундта тіркелді. Шавкат шабуылға шығам деп, қарсыласының әдісіне өзі түсіп қалды да, бірнеше минут шыға алмады. Алайда, ол жекпе-жек аяқталуға бір минуттан астам уақыт қалғанда Гэрридің әдісіне қарсы әдіс ойлап тауып, раундты аяқта жүріп аяқтады.
Осылайша, қазақ файтері 19-шы жеңісіне қол жеткізіп отыр, мүлдем жеңілмеген. Бұған дейінгі жекпе-жектерінің бәрін ол мерзімінен бұрын жеңіп келсе, бұл жолы кездесуді толық өткізді.
Ал, Иэн Гэрри болса мансабында алғаш рет жеңілді. Ол бұған дейінгі 15 жекпе-жектің бәрінде жеңіске жеткен еді.