Танымал спортшы бұған дейін саудамен айналысқан
UFC лигасында өнер көрсететін қазақ файтері Асу Алмабаев (18-2) өзінің базарда саудамен айналысқан кезін еске алып, қалта ұрысын қалай жазалағанын айтып берді.
Спортшы «Спорт Шредингера» YouTube-каналына сұхбат берген.
- Сенің базарда жұмыс істегеніңді білеміз. Ол кезде төбелескен кездерің болды ма?
- Иә, төбелесетінмін. Күзетшілер менің спортшы екенімді білетін, ажыратпайтын. Бірде клиент әйелмен жанжалдасып қалдық, ол маған дұрыс есептемедің деп айқайлап жатыр. Сол сәтте оның артынан қалта ұрысы келіп, қалтасын тінти бастады. Егер әминянын ұрлап кетсе, ол менімен есептесе алмай қалады. Ұрыға көзбен «кет» деп ишараладым. Бірақ, ол еш қорықпастан «жұмысын істеп» жатты. Әйел болса маған әлі айқайлап жатыр. Ашуға булықтым да, ұрыны бір ұрып құлаттым. Жаңағы әйел болса «сен оны неге өлтірдің?» деп одан сайын ұрыса жөнелді.
Ұрыны тұрғызып көріп едік, қайта құлап қалды. Содан күзетшілер оны көтеріп әкетті, - дейді Асу Алмабаев.
Айта кетейік, Асу UFC лигасындағы екінші жекпе-жегін тамыз айында америкалық Си Джей Вергараға қарсы өткізеді.