UFC-дің экс- чемпионы биылғы жазда жартылай орта салмаққа қайта оралған
ММА-дің танымал спортшыларының бірі Камару Усман мансабын аяқтар тұста соңғы айқастарын кімдермен өткізуге ниетті екенін атады.
Америкалық спортшы UFC-дің экс- чемпионы биылғы жазда жартылай орта салмаққа қайта оралып, қатарынан болған үш жеңілістің есебін толтырғандай болды. Ол төрешілердің бірауызды шешімімен Хоакин Баклиді жеңіп, жеңісті жолын қайта жалғаған.
Осыдан кейін Камару Усман чемпиондық мәртебеге тағы бір мәрте ұмтылатынын, тіпті Конор Макгрегор секілді екі салмақта белбеу иеленуді армандайтынын жеткізген. Ол Ислам Махачевпен де (27–1), Джек Делла Маддаленамен де (18–2) айқасудан тайынбайтынын да алға тартып отыр. Мәселен, Махачев қараша айында дәл осы жартылай орта салмақта чемпиондық белбеу үшін бақ сынауды көздеп отыр.
«Иә, мен бұл жігіттермен октагонда айқасқым келеді. Алла қаласа, ол жекпе-жек өтеді», - деді Усман Pound-4-Pound сұхбатында.
16 қарашада Нью-Йоркте өтетін UFC 322 турнирінде жартылай орта салмақтағы чемпион Джек Делла Маддалена мен Ресей өкілі Ислам Махачев титул иесін анықтамақ.
Осы белбеуге үміткерлердің бірі әрі ең басты қарсылас ретінде әлемдік рейтингтің үшінші сатысында тұрған қазақстандық саңлақ Шавкат Рахмонов (19–0) есімі үнемі аталады. Бұл айқас аралас жекпе-жек әлемінің ең тартысты кезеңдерінің бірі болады деп күтіліп отыр.