Ашылу салтанатына еліміздің белді балуандары қатысқан.
Атырауда еркін күрестен әлем чемпионы Ризабек Айтмұханның есімімен аталатын спорт кешені ашылды.
Бұл туралы спорт журналисі Нұрсейіт Жылқышыбай өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Оның сөзінше, аталған кешен бюджет қаражатынсыз салынған.
Естеріңізде болса, Ризабек Айтмұхан 2023 жылғы қыркүйек айында Сербияның Белград қаласында өткен ересектер арасындағы еркін күрестен әлем чемпионатында тарихи нәтиже көрсетіп, Қазақстан тарихындағы еркін күрестен алғашқы әлем чемпионы атанды. Сол кезде Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов чемпионды қабылдап, жоғары жетістігімен құттықтады. Кездесу барысында өңірде бұқаралық спортты дамыту, ауылдық жерлерде спорт нысандарын салу және жергілікті таланттарға қолдау көрсету мәселелері талқыланды.
Сондай-ақ облыстық Грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті Арман Тоғаев жақын уақытта Атырауда еркін күрес академиясын ашу жоспарланып жатқанын, оның Ризабек Айтмұханның есімімен аталатынын айтқан еді. Бүгін сол кешеннің ашылу салтанаты өтіп, оған еліміздің белді балуандары арнайы барған.