Талай рекордтың мұртын бұзған желаяқ қазақ баласының да «спорт падишасында» алар орны барын дәлелдеді.
12 ақпанда қазақ жеңіл атлетикасының аңызы, КСРО-ның бірнеше дүркін чемпионы әрі рекордшысы, бір дәуірдің символына айналған спринтер Әмин Тұяқов 89 жасқа толды. Бұл – тұтас қазақ спортының тарихына айналған өмір жолының тағы бір белесі.
Кезінде Әмин Елемісұлы атақты Эдвин Озолин мен Ғұсман Қосанов сынды саңлақтармен қатар бір жолақта жүгірді. Аңыз спортшы әлі де жеңіл атлетиканың тыныс-тіршілігінен қол үзген жоқ, тек қазір ол жанашыр ақсақал ретінде ақыл-кеңесін бөліседі.
Кеңес дәуірінде топ жарған спортшыларға үлкен алтын медаль табысталса, рекорд жаңартқандарға қосымша шағын алтын берілетін. Ал Әмин Тұяқовта соның екеуі де жетіп артылады. Себебі ол чемпион атанып қана қоймай, сол жеңістерін рекордпен бекітіп отырған. Басқа санаттағы медальдарын санап шығудың өзі қиын.

Спринт деген сөзді білмеген бала
Әмин Тұяқовтың спортқа келуі – жүйелі жоспардың емес, табиғи дарының нәтижесі. Ағамыз бұл туралы күле отырып еске алады.
«Спринт деген сөздің не екенін де білмейтінбіз. Біз берілген тапсырманы бұлжытпай орындауды білдік», – дейді ол.
Жалпы, жылдамдық деген туабітті қасиет секілді, ол не бар, не жоқ. Ал Тұяқовқа бұл қабілетті Жаратушы үйіп-төгіп берді.
1937 жылы Маңғыстауда дүниеге келген болашақ чемпион мектеп табалдырығын тек тоғыз жасында аттаған. Ауыл мектебіндегі жеті жылдық білім, өздері енді ғана білім ордасын тәмамдаған қыздар өткізетін дене шынықтыру сабағы, аулада сиыр жүнінен домалақтап жасалған доппен ойнау – міне, сол кездегі «спорт мектебі» осы.
Гурьевтен – үлкен спортқа
Мектеп бітірген соң Әмин аға Гурьев педагогикалық институтына оқуға түседі. Дәл сол жерде өзінің өмірін өзгерткен адаммен жолығады. Медицина институтын жаңа бітіріп келген жеңіл атлет Анжелика Куликова қоғамдық негізде жаттығу тобын жинайды. Сол топта жүрген жігіттің бірі Әмин еді. Бір жылдың ішінде ол жеңіл атлетикадан алдымен бірінші, сонан соң екінші разрядты орындап, көпшілікті таңғалдырады.
Ал 1956 жылы желаяқ Қазақстан халықтары спартакиадасында 100 метр қашықтықты мәреге бесінші болып жетіп, бірден ұлттық құрама сапына ілігеді, сөйтіп еліміздің мықтыларымен бірге Мәскеуге жаттығуға аттанады. Осыдан соң оның үлкен спортқа жолы ашылды, чемпиондық атақтар, рекордтар – бірін-бірі толықтырып отырды.
Ал 1960 жылы Одессада өткен «Буревестник» ДСО біріншілігінде 100 және 200 метрде жеңіске жетіп, спорт шебері атағын орындады. Осыдан кейін ол ЦСКА-ға әскер қатарына шақырылды.

Олимпиадаға бара алмай қалды
КСРО құрамасында бәсеке тым жоғары еді. Мәскеуде Әминді «кездейсоқ келген қазақ» деп қабылдағандар болды. Бірақ мінезі отты, намысы биік спортшы мықтылығын жүгіру жолағында дәлелдеп қана қоймай, өзін кемсіткісі келетіндерді сөзімен де орнын қоятын. Ал бұл мінезі кез келгенге ұнай бермесі хақ.
«Маған қысым жасаса, бірден жауап қайтарамын. Сол мінезім де кедергі болған шығар. Бірақ мен бәрін нәтижемен дәлелдеуді таңдадым», – дейді Әмин Тұяқов Олимпиадаға бара алмай қалған сәтін есіне алып.
Әмин Тұяқов 1964 жылғы Олимпиада құрамына іліккенімен, соңғы сәтте бапкер оны тізімнен алып тастады. Алайда спортшының сағын жаттықтырушының қисынсыз әрекеті де тоқтата алған жоқ. 1965 жылы Алматыдағы Орталық стадионда 200 метрде 20,6 секунд көрсетіп, 1956 жылдан бері жаңармаған КСРО рекордын бұзды. Бұл қазақ спринті үшін тарихи сәт еді.
Қоштасу және ауыр сынақ
1967 жылғы Спартакиада Әмин Тұяқовтың соңғы кәсіби жарысы болды және ол 200 метрде – алтын, 100 метрде күміс медаль еншіледі. Сөйтіп талай сынақ пен кедергіге, марапат пен рекордтарға толы карьерасына әдемі нүкте қойды.
Дегенмен үлкен спорт бар жерде тәуекел мен құрбандық қатар жүретіні анық. Даңқты желаяқ та денсаулығын жолақта тастап кеткенін мансабын аяқтаған кезінде түсінді. 1999 жылы ол Қытайда күрделі операция жасатып, жамбас буындарын жасанды буынға ауыстырды.
Аңызға берілген баға
Тұяқовтың ерлігі, дарын туралы естелік көп. Бірақ мына бір оқиға Әминнің аңыздарды да мойындатқанын, уайымдатқанын, сұрқия саясатқа қарамастан, қазақтың бір-біріне ерекше жанашыр болғанына дәлел. Ардагер спорт журналисі Қыдырбек Рысбек «Нұрағаның ұйқысын ұрлаған жүйрік» атты жазбасында желаяққа қатысты Нұрғиса Тілендиевтің сөздерін былай деп еске алады:
«Маған іні болғанымен, қазақ жеңіл атлетикасының ағасы Әмин деп білемін. Ғұсман Қосанов марқұм екеуі құйындатқан күндер арман ғой қазір. Дүниені тітіреткен кеңес империясының құрамасында екі қазақ желдей жүйткіген заманды біз көрдік, сендер кеш тудыңдар. Ұмытпасам, алпыс екінші жылдың жазы болуы керек. Әмин Кеңес одағының чемпионы болды деген хабарды естіген сәтте жер-көкке сыймай кеттім. Сол түні көз ілмей, Әминді ойлаумен таң атырдым. Бұл інім ағасының бір түндік ұйқысын осылай ұрлап еді», – деді Нұрғиса Тілендиев».

Фото: facebook.com / Қыдырбек Рысбек
Әмин Тұяқов – тек рекордтар иесі емес, мінезі мен намысы арқылы тарихқа енген тұлға. Желмен жарысқан сол бір жылдар бүгінде аңызға айналды. Бірақ сол аңыздың тірі куәсі – қазақ спорты үшін ең үлкен олжа.