Ол қазір құрамамен бірге жаттығып жүр.
Азия ойындарының чемпионы Дидар Хамза спортқа ресми түрде қайта оралды. Тәжірибелі дзюдошы бір жылдан астам уақытқа созылған үзілістен кейін ұлттық құрама сапында әлемдік аренаны қайта бағындыруды көздеп отыр.
2024 жылы балуан Түркістан облысындағы балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне басшылық қызметке тағайындалған. Дегенмен былтыр спортқа оралу туралы шешім қабылдап, 2026 жылдың басынан бері құрамадағы өзге спортшылармен бірге дайындалып жүр.
«Спортты біршама уақытқа толық тоқтаттым. Бір жылдай мүлде жаттығу жасаған жоқпын. Спорт мектебінде директор болып жұмыс істедім. Бірақ спорт – менің өмірім. Ғұсман Қырғызбаев ағамыз секілді жасы үлкен спортшылардың жоғары нәтиже көрсетіп жүргені маған да мотивация берді. Татамиге оралуыма әсер еткен ең бірінші адам – әкем. «Әлі жассың, мүмкіндігің бар» деді. Отбасым да қолдау білдірді. Сөйтіп, бәрін таразылап, қайта оралуға бел будым», – дейді чемпион.
Қазір Дидар облыс атынан жаттығып, ұлттық құрамамен бірге дайындық жүргізіп жатыр. Наурызда жарысқа қатысып, топ жаруды көздейді.
«Ұлттық құрамаға кіру оңай емес. Қазақстан чемпионатында немесе халықаралық турнирлерде нәтиже көрсету керек. Қазір облыстың атынан жаттығып жүрмін, оқу-жаттығу жиындарына облыс қолдау көрсетуде. Алдағы ірі турнир – наурыз айының соңында Хорватияда өтетін жарыс. Сол бәсекеде жақсы нәтиже көрсетсек, әлемдік додаларға жол ашылады», – дейді ол.
Азия ойындарының чемпионы спортта әлі де алар асуы бар екенін, басты мақсатына қол жеткізбей тынбайтынын алға тартты.
«Азия ойындарының алтыны бар. Бірақ әлем чемпионаты мен Олимпиада медалі жоқ. Сол екі жүлде жетіспей тұр. Соларды алсам, спорттық мансабымдағы басты мақсат орындалды деп айта аламын. Биік шыңға дейін жеттік. Енді сол шыңның үстіне шығу ғана қалды», – деді дзюдошы.