Жаңа ЖБ Шоу! Қайрат - Брюгге!

Астанада мәнерлеп сырғанаудан Төрт құрлық чемпионаты өтеді

Бүгін, 17:20

Елордада Азия, Америка, Африка және тынық мұхиты елдерінің үздік спортшылары жиналады

Астанада мәнерлеп сырғанаудан Төрт құрлық чемпионаты өтеді
ҰОК

Қазақстанда алғаш рет мәнерлеп сырғанаудан Төрт құрлық чемпионаты өтеді.

Халықаралық конькишілер одағы (ISU) күнтізбесіндегі ең беделді әрі ауқымды жыл сайынғы жарыс 2027 жылы бас қала Астанада жоспарланған. Дүбірлі дода 9-14 ақпан аралығында өтеді. Бас қаланың ақ айдында Азия, Америка, Африка және тынық мұхиты елдерінің үздік спортшылары жиналады.

​Астананың бұл мәртебеге ие болуы кездейсоқ емес. Шын мәнінде, Милан мен Кортинадағы 2026 жылғы қысқы Олимпиадада Михаил Шайдоров жекелей сында тарихи алтын олжалап, елде мәнерлеп сырғанаудың дамуына еселеп үлес қосты.

ISU Президенті Чжэ Ёль Ким бұл шешімге қатысты былай пікір білдірді:

​«Біз ISU Төрт құрлық чемпионатын тұңғыш рет Қазақстанда өткізгелі отырғанымызға қуаныштымыз. Бұл айтулы оқиға бүкіл Орталық Азиядағы мәнерлеп сырғанау жанкүйерлері үшін әлемдік деңгейдегі бәсекені өз көзімен көруге және мұз айдынындағы кумирлерінің өнерін тамашалауға тамаша мүмкіндік береді. ​Қазақстанда спорттың бұл түріне деген махаббат пен қызығушылық жаңа белеске көтерілді. Сондықтан Астананың спортшылар, жанкүйерлер және барлық қатысушы үшін жоғары деңгейдегі алаңға айналатынына сеніміміз кәміл. Біз Қазақстанның осынау ауқымды іс-шараға әкелетін өзіндік ерекше энергиясын, қонақжайлылығы мен зор амбициясын сезінуді асыға күтеміз».

Ал Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров ISU баспасөз қызметіне былай деді:

​«Шынымды айтсам, қуанышымда шек жоқ. Бұл - мен үшін де, бүкіл Қазақстан үшін де зор жеңіс. Көптеген жыл бойы ISU чемпионатының туған елімде өткенін армандап едім. Бұл арманымның орындалғанына шексіз бақыттымын. ​Олимпиада ойындарындағы жеңісімнен кейін Қазақстанда мәнерлеп сырғанаудың танымалдылығы айтарлықтай артты және бұл үрдістің алдағы уақытта да жалғаса бергенін қалаймын. Мен алдағы маусымға қызу дайындаламын. Осы ISU Төрт құрлық чемпионаты жанкүйерлерге ұмытылмас сәттер сыйлап, олардың жадында ұзақ уақыт сақталады деп үміттенемін».

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулану 0
×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам